Абай облысындағы қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде сотталғандарға арналған аспаздық ісі бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курсы өтті.
Курс босап шыққаннан кейінгі әлеуметтік бейімделу және жұмыспен қамтуды арттыру бағдарламалары аясында ұйымдастырылды. КурсСемей қаласындағы «Бизнес және сервис» колледжінің оқытушыларының қатысуымен өткізілді. Практикалық бағыттағы шеберлік сабағы барысында қатысушылар негізгі аспаздық дағдыларды меңгеріп, фастфуд тағамдарын дайындау технологиясымен танысты, сондай-ақ асүйдегі жұмыс процесін ұйымдастыру және санитарлық талаптардың негіздерін үйренді. Сабақтың негізгі мақсаты — қоғамдық тамақтану саласында бастапқы кәсіби дағдыларды қалыптастыру, еңбек құзыреттерін дамыту және сотталғандардың бостандыққа шыққаннан кейін еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Мұндай бастамалар табысты әлеуметтік бейімделу арқылы қайталама қылмыстың алдын алуға бағытталған.
— Бұрын мен аспаздықпен кәсіби түрде айналыспаған едім, тек өзім үшін қарапайым тағамдар дайындайтынмын. Курс барысында бұл істің нағыз мамандыққа айналуы мүмкін екенін түсіндім, — деп бөлісті қатысушылардың бірі.
Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Айдын Уваисовтың айтуынша, кәсіптік оқыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
— Біздің мақсат — сотталғандарды тек жұмыспен қамту ғана емес, оларға бостандыққа шыққаннан кейін жаңа өмір бастауға көмектесетін нақты әрі сұранысқа ие дағдылар беру. Аспаздық саласы — мамандарға тұрақты сұраныс бар бағыттардың бірі. Мұндай курстар өзіне деген сенімділікті арттырып, еңбекке жауапкершілікпен қарауды қалыптастырады, — деді ол.
Ұйымдастырушылар мұндай білім беру жобалары алдағы уақытта да жалғасатынын және оқытылатын мамандықтар тізімі кеңейтілетінін атап өтті.