$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ақмолада полицейлер зейнеткерді алаяқтардан қорғап қалды

Ақмолада полицейлер зейнеткерді алаяқтардан қорғап қалды
Polisia.kz

Ақмолада полицейлер медициналық тексеруден өтуді сылтау еткен алаяқтықтың алдын алды. Ақмола облысында полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттерінің нәтижесінде алаяқтық қылмыстың жолы кесіліп, зейнеткердің қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік туды.

Державинск қаласының тұрғыны тәртіп сақшыларына дер кезінде көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді. Ол өз бейнежолдауында полиция қызметкерлерінің банк шоттарын уақтылы бұғаттап, алаяқтардың қаражатқа қол жеткізуіне жол бермегенін атап өтті. Белгілі болғандай, зейнеткерге өзін медицина қызметкері ретінде таныстырған белгісіз тұлғалар телефон арқылы хабарласқан. Қоңырау шалған адамның дауысы таныс сияқты көрінгендіктен, ол күмәнданбаған. Алаяқтар оған және оның ұлына толық медициналық тексеруден өткізу сылтауымен кезекке жазуды ұсынып, келген SMS-хабарламалардағы растау кодтарын айтуды сұраған. Хабарласушыларға сенген азаматша қажетті кодты айтып қойған. Осыдан кейін әртүрлі күмәнді тұлғалардан, өздерін құқық қорғау органдарының өкілдері ретінде таныстырған қоңыраулар түсе бастаған. Бұл жағдай отбасы мүшелерінің күдігін туғызып, олар дереу полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары жедел түрде әрекет етіп, өтініш берушінің банк шоттарын бұғаттады. Нәтижесінде ірі көлемдегі қаржы шығынының алдын алды. Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде азаматтардың алаяқтарға ақша аударып жіберуіне аз қалған осындай үш дерек дер кезінде тоқтатылған. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесінің хабарлауынша, "Қазақтелеком" АҚ операторлары күдікті қоңырауларға тұрақты мониторинг жүргізіп, ықтимал қауіптер туралы құқық қорғау органдарына жедел ақпарат беріп отырады. Бұл өз кезегінде қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді. Тәртіп сақшылары азаматтарды SMS арқылы келген кодтарды үшінші тұлғаларға бермеуге және күмәнді қоңырауларға сақтықпен қарауға шақырады.