Денсаулық сақтау министрлігі Қарағанды облысында баланың қайтыс болуына қатысты тексеру басталғанын хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, пациент инфекциялық орталыққа аурудың екінші күні жеткізіліп, жағдайының нашарлауына байланысты жансақтау бөліміне ауыстырылған. Дәрігерлер аралас инфекция мен айқын иммун тапшылығын анықтаған, сондай-ақ баланың вакцина алмағаны белгілі болды.
Медициналық көмек клиникалық хаттамаларға сай толық көрсетіліп, емдеу тактикасы республикалық мамандардың қатысуымен бірнеше рет қаралған. ЭКМО қолдану мүмкіндігі де талқыланғанымен, көрсетілімдерге байланысты ұсынылмаған.
Қабылданған шараларға қарамастан, баланы құтқару мүмкін болмады.
Министрлік аталған жағдай бойынша тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жан-жақты тексеру жүргізілетінін мәлімдеді және қоғамды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.