$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Болгарияда кезектен тыс парламент сайлауы басталды

19.04.2026ж. 21:13
Болгарияда кезектен тыс парламент сайлауы басталды
Фото: presstv.bg

19 сәуір күні Болгарияда парламентке кезектен тыс сайлау бойынша дауыс беру басталды. Бұл соңғы бес жыл ішіндегі сегізінші сайлау.

Кімдер жеңіске үміткер

Сауалнама нәтижелеріне сәйкес, жарыста бұрынғы президент Румен Радевпен байланысы бар жаңа орталық-солшыл «Прогрессивті Болгария» коалициясы алда келеді. Бұл коалиция шамамен 35 пайыз дауыс жинауы мүмкін деген болжам бар.

Бұған дейін елді тоғыз жыл басқарған Радев «олигархиялық басқару жүйесімен» күресу қажеттігін айтып жүр. Ол сондай-ақ Ресеймен қарым-қатынасты қайта қалпына келтіруді қолдайды және Украинаға әскери көмекті сынға алады.

Негізгі қарсылас ретінде проеуропалық ГЕРБ партиясы және оның жетекшісі Бойко Борисов қарастырылып отыр. Болжам бойынша, бұл партия шамамен 20 пайыз дауыс алуы мүмкін. Үш рет премьер-министр болған Борисов өз партиясының ел үшін маңызды жетістіктерге, соның ішінде еуроаймаққа қосылуға ықпал еткенін айтады.

Нәтижелер қашан жарияланады

Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша таңғы 7:00-де ашылып, кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. 2024 жылғы сайлаумен салыстырғанда сайлаушылар белсенділігі жоғары болады деп күтілуде. Ол кезде дауыс беруге сайлаушылардың шамамен 39 пайызы қатысқан.

Алдын ала қорытындылар 20 сәуірде жарияланады деп жоспарланған.

Болгария НАТО мен Еуропалық Одақтың мүшесі болып табылады. Ал 1 қаңтардан бастап ел еуроаймаққа кіріп, Шенген аймағына қосылды.

Еске салайық, 19 қаңтарда Болгария президенті Румен Радев тоғыз жылдық қызметінен кейін отставкаға кеткенін жариялаған болатын.

Сайлау консерваторлар құрған үкіметтің отставкасынан кейін тағайындалды. Бұл шешім 2025 жылдың желтоқсанында болған жаппай сыбайлас жемқорлыққа қарсы наразылықтар аясында қабылданған.

Елдегі саяси дағдарыс 2021 жылдан бері жалғасып келеді. Сол жылы бұрынғы премьер-министр Бойко Борисовтың үкіметі биліктен кеткен болатын.