$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп: «Иранның алаяқ билігімен өз тілінде сөйлестік»

Трамп: «Иранның алаяқ билігімен өз тілінде сөйлестік»

АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер нәтиже бере бастады. АҚШ Иранның бүкіл байытылған уранын өзіне алып, орнына ақша береді. Бұл туралы Трамптың өзі хабарлады. Алайда, қос елдің қақтығысы Ормуз бұғазына ойысты. Ираннан бет алып Үнді мұхитына енді шыққан кемені АҚШ әскері басып алды. Бірақ, келіссөздер нәтижесін Иран жоққа шығаруда. Ресми өкілдер, АҚШ талаптары тым қатал, - деп шағымын білдірді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Ирандағы бүкіл байытылған уранды АҚШ әскері алып кетеді. Ядролық қару жасаудағы ең қажетті соңғы сатылы өнім үшін АҚШ ақша бермек. Бұл туралы Трамп демалыс күндері мәлімдеді. Одан бөлек, Ақ үй басшысы, бүкіл санкцияларды да алып тастаймын, - деп рақымшылығын білдірді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің делегация керемет нәтиже көрсетті. Иранның алаяқ билігімен өз тілінде сөйлесті. Осыған дейін 47 жыл бойы ешқай әкімшілік мен жеткен жетістікке жете алмады. Иран жылдар бойы өңдеген уранды біздің арнайы жасақ алып кетеді. Біз оны өзіміз пайдаланамыз. Ал, мен өз кезегімде Иран халқының бар жағдайын жасаймын. Бәрібір, бұрынғы қанішер билік жоқ. Себебі, мен оларды қырып тастадым.

Қос тарап, уақытша оқ атпау режиміне сәйкес, белсенді ұрыс жүргізбегенімен, Ормуз бұғазы тыныш емес. Трамп бұл аймақты өзім бақылаймын дегеннен кейін, алғашқы қақтығыс болды. Ираннан шыққан мұнай артқан кемені АҚШ әскері басып алды.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің Спруанс атты ракета тасығыш эсминец Оман аумағында мұнай тасымалдағыш кемені басып алды. Ішіндегі ирандық экипаж өз күштеріне қатты сеніп қойған секілді. Себебі, біздің әскерилердің талабына көнбеген. Нәтижесінде, оның бір шетін эсминец тесуге мәжбүр болды.

Ал, Түркиядағы дипломатиялық форумға келген Иран өкілі келіссөздің ауылы әлі алыс екенін айтуда. Саед Хатибзаденің айтуынша, АҚШ талаптары тым қатал.

САЕД ХАТИБЗАДЕ, ИРАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

АҚШ позицииясы тым максималистік деп атар едім. Оның үстіне, өз ұстанымдарынан арылатын емес. Ондай жерде келісімнің болуы екіталай. АҚШ өз дегенін болғызатындай соғыста жеңген жоқ. Дегенмен, Америкалық дипломаттар жағдайды түсінеді. Біз олармен мессенджер арқылы хабар алмасып тұрамыз. Шынымды айтсам, жаным ашиды.

АҚШ-тың Луизиана штатында белгісіз біреу балаларға оқ атқан. Нәтижесінде 8 бала қаза тапты. Оқиға Шарлот қаласында болды. Жергілікті полиция мәліметінше, қаскөйдің ізіне тәртіп сақшылары әлі түсе алмады.