$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Пластикалық операциядан зардап шегетіндер көбейді

AstanaTV
20.04.2026ж. 19:00
Пластикалық операциядан зардап шегетіндер көбейді

Пластикалық операциядан зардап шегетіндер көбейді. Шағымданушылар 54 пайызға артқан.  Әдемі боламын деп әлекке түскендер не істейді? Сұлулық индустриясының көлеңкелі тұстарын тілшіміз жеткізеді.

Амангүл Мархаба бірнеше жыл бұрын пластикалық операция жасатқан. Көзінің табиғи пішіні ұнамапты. Блефаропластикадан соң бәрі көңілінен шығады деп үміттенген.

АМАНГҮЛ МАРХАБА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Негізі басында жасаған соң, нәтижесі маған ұнады. Бірақ бір айдан кейін ана бір жағы түсіп қалған болатын. Одан кейін оны 3 айдан кейін қайтадан жасаттық. Бірақ мен қалағандай нәтиже шықпады. Өйткені ол кісі маған өте үлкен қылып жасап қойған болатын. Ал, негізі мен қалаған нәтиже ондай емес еді. 

Мұндай жағдайға түскен тек Амангүл емес. 2025 жылы сәтсіз жасалған операцияға қатысты 68 шағым түссе, 2026 жылдың төрт айында бұл көрсеткіш 44-ке жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 54%-ға көп. Мамандардың айтуынша, әдетте бет-әлпетін өзгертемін дегендердің 90%-ы әйелдер екен.

САИДА КУШИЯРОВА, ПСИХОЛОГ:

Қазіргі таңда көп қыздардың сенімсіздігіне келетін болсақ, ол психологиялық тұрғыда ішкі жан дүниесіндегі пустота, қандай да бір хаос. Соның себебінен пластикалық отаға немесе түрлі косметологтар арқылы өздерінің бет әлпетін өзгерткісі келеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің есебінше, пациенттер көбіне маммопластика, липосакция және блефаропластика нәтижелеріне көңілі толмайды. Сондықтан биылдан бастап медициналық көмек сапасын арттырудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспары күшіне енді. Ол пациентті ұзақ бақылауға жағдайы жоқ «сенімсіз клиникаларға» бақылауды қатаңдатады.

ВИСЮЛЯ СУЛЕЙМЕНОВА, ХИРУРГ:

Егер сіз лицензиясы бар пластикалық хирургия клиникасында ота жасатсаңыз, 21-ғасырда, яғни 2026 жылы пластикалық ота жасату мүлде қауіпсіз. Сондай-ақ, отаны жасайтын маман ординатура немесе резидентураны бітірген, білімін үнемі жетілдіріп отыратын, лицензиясы бар пластикалық хирург болуы тиіс.

Дәрігерлердің айтуынша, кез-келген операция-қауіпті процедура. Әдемі боламын деп өз еркімен операциялық үстел үстіне жату - үлкен тәуекел. Ал бюти-салада жүрген әр маманның айтары бір - трендтер тек уақытша құбылыс.