$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Елордалық қаржыгерлер Президенттік саябақты тазартты

Елордалық қаржыгерлер Президенттік саябақты тазартты

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында елорданың қаржыгерлері компьютер алдындағы жұмыс орнын таза ауаға алмастырды. Бұл жолы Президенттік саябақты қоқыстан арылтып, қаланың экологиялық картасын жақсартуға Отбасы банк ұжымы білек сыбана кірісті.

Банк қызметкерлері үшін бұл жай ғана сенбілік емес, туған қалаға деген жанашырлықтың көрінісі. Отбасы банктің 2 жылдан бері жүйелі түрде жалғасын тапқан экологиялық стратегиясы бүгін де өз жемісін берді. Қызметкерлер саябақ аумағын тұрмыстық қалдықтардан толық тазартып, жасыл желектердің айналасын ретке келтірді. Ұжымның мұндай белсенділігі қала тұрғындары үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған нақты қадам.

ЖАНАР ИЗИМБЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ ОТБАСЫ БАНК ОРТАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мұндай игі бастамалар ұжымдық рухты күшейтіп қана қоймай, әрбір қызметкердің экологияға деген көзқарасын өзгертуге ықпал етеді. Біз де қоршаған ортаны қорғауға өз үлесімізді қосу мақсатында бүгінгі акцияға қатысуды жөн көрдік. Алдағы уақытта да қаланың көркеюіне өз үлесімізді қоса береміз.

Отбасы банктің бұл игі ісін өзге әріптестері де қолдап, қала тазалығына бір кісідей жұмылды. Halyk Bank қызметкерлері Президенттік саябақтағы ауқымды тазалық жұмыстарына белсенді атсалысты. Қаржы секторындағы бірлік тек экономикада емес, экологияда да маңызды екенін көрсеткен ұжымдар Сығанақ көшесінен Тәуелсіздік даңғылына дейінгі аумақты толық қамтыды.

РАЙЫМБЕК НЫСАНБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Бүгінгі күнде 300-ден астам банк өкілдері бүгінгі сенбілікке қатысып жатыр. Бүгінгі сенбіліктің, осы "Таза Қазақстан" акциясының басты мақсаты - біздің елорданың қаланың тазалығын ұлғайту. Және осы қала тұрғындарын өмір сүруіне ыңғайын келтіру.

Сығанақ көшесінен Тәуелсіздік даңғылына дейінгі аумақ мұнтаздай тазарды. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай жұмыстар елордада алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса бермек. Өйткені, қоршаған ортаға деген құрмет пен ұқыптылық - әрбір азаматтың туған қаласына деген сүйіспеншілігінің көрінісі.