Қазақстан мен Моңғолия арасында төте автожол салынады. Мұндай уағдаластыққа Моңғолия президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілді. Алтайдың ар жағы мен бер жағындағы қос ел үшін бұл көптен күткен жаңалық. Әрі экономикалық байланысты нығайтудың бірден-бір жолы. Былтыр Қазақстан-Моңғолия арасында 130 млн АҚШ доллары көлемінде сауда-саттық жүрген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,7 процентке көп. Тараптар бұл көрсеткешті алдағы уақытта 5 есе арттыруды көздеп отыр. Толығырақ Ақордадан әріптесім Айсәуле Съезбек тарқатады.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Ақордада мүлгіген тыныштық. Бірер секундтан соң Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Моңғолияның Президенті резиденция табалдырығын аттайды. Екі елдің делегациялары қаз-қатар сапта тұр. Президент оркестрі мен протокол қызметкерлері де өз міндеттерін атқаруға сақадай-сай. Міне біз күткен сәт. Ухнаагийн Хүрэлсүх мырза Ақордада.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Қазақстан-Моңғолия арасындағы дипломатиялық байланыс 1992 жылы бастау алды. Тікелей шекараласпаса да, өзара саяси-экономикалық серіктестік жүйелі сипат алған. Осыдан екі жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұланбатырға мемлекеттік сапары қос елдің байланысын жаңа деңгейге шығарды. Ал моңғол басшысының бүгінгі келісі стратегиялық серіктестікті тереңдете түспек.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Өнеркәсіп саласына қатысты нақты жобаларды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бүгін елордамызда Қазақ-моңғол бизнес-форумы өтеді. Оған Моңғолиядан келген көптеген компаниялар қатыспақшы. Біз мұны толық құптаймыз. Сіздің де тарапыңыздан көрсетілген қолдауға ризашылығымды білдіремін.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Қытай мен Ресей жерін басып өтіп, байланысып отырған қос ел алыс-берісті ұлғайтуға мүдделі. Қазақстан Моңғолияға ұн мен темекі өнімдерін, кофе, шай, есептеу машиналары мен айран экспорттайды. Ал Моңғолиядан біздің елге жеміс шырындары, жылқы еті, бағалы қағаз түрлері, киім мен термометр импортталады. Осы жылдың басқы екі айында өзара сауда айналымы 20 млн АҚШ долларынан асқан. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты - сауда-саттық айналымын 500 млн долларға жеткізу. Ол үшін балама көлік дәлізін, нақтырақ айтсақ, ортадағы жолды қысқарту керек десті тараптар.
УХНААГИЙН ХУРЭЛСУХ, МОҢҒОЛИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Соңғы екі жылда көптеген ортақ міндеттерді қолға алып, өзара серіктестігімізді жаңа деңгейге көтердік. Екі ел арасындағы сенімді байланыстарды нығайтуда заң шығарушы органдар айрықша рөл атқарады. Өзара серіктестік әлеуеті зор.
3,5 млн халқы бар Моңғолияда 28 ұлт пен этнос тұрады. Оның 4 проценті – қазақ. Сондықтан екі ел арасында экономика ғана емес, мәдени-рухани байланыс та тығыз. Қос елдің Парламенті биыл зейнетақы бойынша жылдар бойы шешілмеген мәселелерді заңдастырды.
БЕЙСЕН БУЛАН, МОҢҒОЛИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Мұнда келген азаматтар 100 мыңға жетті деп жатыр. Солар мысалы Моңғолияда жұмыстап жүріп, осында келіп жалғастырады. Ал мұнда шартпен жұмыстап жүріп, қайтқан адамдар бар. Олардың да әлеуметтік қамсыздандыру, пенсия мәселесін шешіп жатыр. Екіншіден, Моңғолиядағы Қазақстан елшілігі жақсы жұмыс жасап жатқанын көріп отырмыз.
Тараптар бүгін Астана-Ұланбатыр, Өскемен – Өлгей бағытында тікелей әуе рейсін қайта ашуға уағдаласты. Әрі Баян-Өлгей аймағында Қазақстанның консулдығын ашу туралы да келісімге қол қойды. Ең бастысы, Қазақстан-Моңғолия арасында төте жол салуға мүдделі екенін растады. Мәселені пысықтауды Үкіметаралық жұмыс тобына тапсырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Алдағы уақытта Қазақстан – Моңғолия автожолы елдеріміздің арасындағы сауда-саттықты арттыруға ерекше серпін беретіні анық. Бұл жолдың игілігін іргелес елдер де көретін болады. Осы ретте төрт елдің көлік-логистика әлеуетін бір арнаға тоғыстырып, бірлесе жұмыс істей аламыз. Бұл қадам алыс-берісті ғана емес, «Алтай» бірегей туристік кластерін дамытуға жол ашады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Моңғолияның ғарыштан бақылау орнату бастамасына қолғабыс етуге дайын екенін жеткізді. Әрі екі ел де басымдық беретін тау-кен, ауыл шаруашылығы саласында тәжірибе бөлісуге шақырды.
ЕРМЕК КӨШЕРБАЕВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Ауылшаруашылығы саласында Моңғолияның тәжірибесі өте мол. Моңғолияның кашемирі деген бар. Ол да мына Италиядағы ең сәнді ательелер алатын болды. Сол жағынан да ауылшаруашылығы министрлігі келіссөз өткізеді.
Бүгінде Моңғолияның 1716 азаматы Қазақстанның 57 университетінде білім алуда. Еліміз моңғол студенттеріне жыл сайын білім грантын тағайындайды. Әлем мойындаған жоғарғы оқу ордаларының филиалдары бізде көптеп бой көтерді. Бұл шетелдік студенттердің қызығушылығын одан сайын арттырды. Мамырда «Study in KZ» білім жәрмеңкесі Моңғолияда өтеді.
САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
Моңғолия студенттері Қазақстанға келіп, сол біздің ашылған филиалдарда оқығысы келеді. Ең көп қазіргі таңда Әл-Фараби университетімізде. Тарих және археология саласында өте тығыз қарым-қатынастар дамуда. Біздің Уәлиханов атындағы ұлттық тарих институты мен Шыңғысхан зерттеу институтының арасындағы келісім шартқа қол қойылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-моңғол қатынасын нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Ухнаагийн Хурэлсух мырзаны еліміздің ең жоғарғы мемлекеттік наградасы «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Өз кезегінде Моңғол президенті Ақордадағы келіссөз деңгейін жоғары бағалады.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Астанадағы алқалы жиында екі жақ сенімді серіктестікті нығайтуға уағдаласты. Түрлі сала бойынша келісімге қол қойылды. Экономиканы әртараптандыруды мақсат еткен қос елдің президенттері ынтымақтастықтың жаңа белеске шығарына сенім білдірді.