$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Сот «жұмбақ қабірге» эксгумация жасауға рұқсат берді

21.04.2026ж. 19:00
Сот «жұмбақ қабірге» эксгумация жасауға рұқсат берді

Қарағандыда аппеляциялық сот «жұмбақ қабірге» эксгумация жасатуға рұқсат берді. Бұл туралы анасының қабірін даулап жүрген Айгүл Жамиленованың қорғаушысы мәлімдеді.

Адвокат Бауыржан Изделеуовтің айтуынша, эксгумация барысындағы днк сараптамасы, тағы басқа  барлық шығынды Айгүл Жамиленова өзі көтереді. Еске салсақ, Қарағандыдағы тілшіміз бір-біріне бөтен екі отбасының бір қабірге таласып жүргені туралы репортаж жасаған болатын. Айгүл Жамиленованың анасын туыстары 2024 жылы 19-ыншы қарашада Құрылыс ауылындағы зиратқа жерлеп, кейін қабір орнын кеңейтіп белгі қойған. Жарты жылдан соң марқұмның басында бейтаныс құлпытас пен қоршау пайда болады. Сөйтсе ол басқа отбасының тәтесіне арналған болып шыққан. Айгүл Жамиленова олармен қанша дауласса да түсіндіре алмаған соң ақыры алдымен сотқа, кейін аппеляцияға жүгінген еді. Әйелдің қорғаушысының айтуынша, екінші тарап эксгумацияға қарсы болғанына қарамастан бұл жолы сот рұқсат берген. Сондай- ақ сот барысында туыстарының тәтесінің жерлеуіне қатыспағаны тек бейіт қазатын адамдарды жалдағаны белгілі болды.

БАУРЖАН ИЗДЕЛЕУОВ, ҚОРҒАУШЫ:

Маған сенімхат беруші Айгүл Жәмиленованың анасының жерлеуіне марқұмның туған ұлы, туыстары жастар қариялар секілді көп адамдар қатысқан. Олардың барлығы бұл бейітті танып отыр. Ал екінші тарапта куәгер жоқ, бейіт қазушы адам қабірлерді есепке алмаған, жерлеу оның есінде де жоқ. Олар эксгумацияға қарсы болды. Бірақ сот біздің сауалымызды қанағаттандырып ДНК сараптамасына рұқсатын берді. Эксгумация бұл дауға соңғы нүктесін қояды деп сенеміз.