$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Президент экологиялық саммиттің пленарлық отырысында сөз сөйледі

22.04.2026ж. 13:11
Президент экологиялық саммиттің пленарлық отырысында сөз сөйледі
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында сөз сөйледі.

Президент саммит қатысушыларына ілтипат білдіріп, халықаралық диалог алаңының маңызына тоқталды

– Шын мәнінде, бүгін – Жер күні. Осы орайда планетамызды қорғауға жауапкершілікпен қарайтынымызды тағы да бір мәлімдеу үшін бас қосып отырмыз. Орнықты даму үшін ортақ көзқарас қалыптастыру – өзекті әрі аса маңызды. Мұны өңір елдері терең түсінеді. Қазіргі экология тек климат мәселесімен шектелмейді. Бұл – адамзат тіршілігінің түп негізі. Яғни әңгіме таза ауа мен сапалы суға, бүлінбеген топырақ пен сенімді азық-түлік жүйесіне, қоғамның тұрақтылығына және ұрпақтың келешегіне қатысты болып отыр. Жалпы ақыл-ойдың тұнықтығы, қоғамдағы үйлесім мен адами бақыт та осыған саяды. Ал экология дегеніміз – Жер бетіндегі тіршілікке жауапкершілікпен қарайтын саналы өмір салты. Сондықтан бүгінгі саммит дер кезінде ұйымдастырылып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.