Өңірлік экологиялық саммит аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі халықаралық консультациялардың бірінші кезеңі өтеді.
- Өңірлік деңгейдегі бастамалардан бөлек, біз су ресурстары саласында жаһандық ықпалдастықты кеңейтуге басымдық береміз. Былтыр желтоқсан айында Ашхабадта БҰҰ агенттігі ретінде қызмет ететін Халықаралық су ұйымын құру жөнінде ұсыныс жасадым. Аталған бастама өте өзекті. Өйткені қазіргі кезде БҰҰ жаһандық басқарудың бірізділігі мен тиімділігін арттыру үшін мыңдаған мандатты қайта саралап жатыр. Бүгінгі саммит аясында бұл ұсынысқа қатысты халықаралық консультациялардың бірінші кезеңі өтетініне қуаныштымын, – деді Президент.
Сондай-ақ Президент елімізде биоалуантүрлілікті сақтау мақсатында қолға алынған шаралардың нәтижесіне тоқталды. Биоалуантүрлілікті сақтау – экологиялық саясатымыздың негізгі бағыттарының бірі. Табанды еңбек нәтиже берді. Жойылу қаупі төнген ақбөкендер қайта көбейді. Қазақстандағы қар барысының саны екі есе ұлғайып, 190-ға жетті.
- Халықаралық серіктестермен бірлесіп, басқа да сирек кездесетін жан-жануарлардың, атап айтқанда, сұңқарлардың, Тұран жолбарысының және Пржевальский жылқысының популяциясын қалпына келтіруге кірістік. Орман алқаптарын ұлғайту Қазақстанның экологиялық күн тәртібіндегі басым міндеттерінің біріне айналды. Соңғы бес жылда бір миллион гектардан аса аумаққа 1,5 миллиардтан астам ағаш ектік. Соның ішінде шөлейттену үдерісін бәсеңдету мақсатында өзбек мамандарымен бірге Арал теңізінің табанына сексеуіл отырғыза бастадық. Қазақстан барлық серіктестерін Сирек кездесетін жан-жануарлар түрлері мен биоалуантүрлілікті сақтау халықаралық қорына мүше болуға шақырады. Мемлекетаралық ынтымақтастық алаңында ғылыми зерттеулер жүргізіліп, экожүйелерді қорғаудың тиімді шешімдері әзірленеді, – деді Президент.