Таразда өзін скотчпен байлап, шабуылды сахналаған әйелге үкім шықты.
Таразда қылмыс жасалғаны туралы көрінеу жалған ақпарат бергені үшін айыпталған әйелге қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сот мәліметтері бойынша, айыпталушы өзінің алтын зергерлік бұйымдарын ломбардқа тапсырып, барлық ақшаны белгісіз адамдар көрсеткен шоттарға «трейдинг оқытуы» үшін аударған. Алайда, ол кейінірек курстардың жалған екенін және ақшаны қайтара алмайтынын түсінген соң, қылмысты қолдан жасау арқылы өз әрекетін отбасынан жасыруға шешім қабылдаған.
Сотталушы келініне тиесілі алтын және гауһар зергерлік бұйымдарды жасырып, өзін скотчпен байлап, үйге белгісіз адамдар кіріп, күш қолданып, оның мүлкін иемденді деп мәлімдеген, - деп хабарлады Тараз қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.
Бірақ полиция жүргізген тергеу барысында қылмыс туралы арыздың жалған екені анықталып, іс сотқа жолданды. Әйелдің кінәсі тараптар мен куәгерлердің айғақтарымен, сондай-ақ тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен толық дәлелденді.
Сот үкімімен әйел ҚК 419-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған пробациялық бақылау белгілей отырып, 2 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды, - делінген ресми хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.