$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«Ақтөбе» — «Ертіс» матчы алдында жол уақытша жабылып, қауіпсіздік күшейеді

25.04.2026ж. 18:25
«Ақтөбе» — «Ертіс» матчы алдында жол уақытша жабылып, қауіпсіздік күшейеді
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Қаладағы Әбілқайыр хан даңғылы бойымен жаңкүйерлер жүріп өтеді. Полиция тек стадион аумағын емес, сол маңдағы үйлердің маңын да бақылауға алады.

Бүгін «Ақтөбе» ФК өз алаңында «Ертісті» қабылдайды. Бұл футбол клубының осы маусымда өз алаңында өткізетін алғашқы ойыны.

- Полиция жанкүйерлерге тәртіптің қатаң бақылауда болатынын және кез келген құқық бұзушылыққа жедел әрекет ететінін ескертеді. Көрермен көп жиналатын болған соң қауіпсіздік шаралары тек стадион емес, оған жақын аймақтарда да күшейтілді. Стадионда тексеру жүргізетін өткізу режимі ұйымдастырылады, полиция қызметкерлерінің саны арттырылады. Сондай-ақ жақын маңдағы көшелер мен қоғамдық орындарды патрульдеу үшін қосымша күштер жұмылдырылады. Соның ішінде бейнебақылау жүйелері арқылы да қадағаланады, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Матчқа билет алған көрермен де стадионға ерте келуі керек.

- Полиция арандатушылық әрекеттер мен тыйым салынған заттарды пайдаланғаны үшін заң алдында жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді және кез келген оқиғаға жедел әрекет ететінін хабарлайды. Құқық қорғау органдары жанкүйерлерді өзара құрмет көрсетіп, мәдениеттілік танытып, ешқандай құқық бұзушылықсыз нағыз спорттық мереке атмосферасын қалыптастыруға шақырады, - деді Ақтөбе облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркін Өтеген.