$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Зеленский Ресеймен келіссөздерді Әзербайжанда өткізуді ұсынды

25.04.2026ж. 23:28
Зеленский Ресеймен келіссөздерді Әзербайжанда өткізуді ұсынды
Фото: AZERTAG

Бұл туралы ол Габалада Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесуден кейін баспасөзге жасаған мәлімдемесінде айтты.

– Біз Әзербайжан Президентіне үшжақты келіссөздерге дайын екенімізді жеткіздік. Бұған дейін мұндай кездесулер Түркияда, кейін Швейцарияда америкалық әріптестердің қатысуымен өткен болатын. Егер Ресей дипломатияға дайын болса, жақын арада Әзербайжанда келіссөз өткізуге әзірміз, – деді Владимир Зеленский.

Оның айтуынша, Украина келіссөздердің үшжақты форматын қайта жандандыруға дайын.

Кездесу барысында екіжақты қатынастар да талқыланды. Ильхам Әлиев энергетика, сауда және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықтың кеңейіп келе жатқанын атап өтті.

– Елдеріміз арасындағы тауар айналымы 500 млн доллардан асты және оны ұлғайтуға әлеует бар, – деді ол.

Сонымен қатар тараптар әскери-техникалық ынтымақтастық пен бірлескен өндіріс мәселелерін қарастырды.

Украина басшысы Әзербайжанға гуманитарлық көмек пен украиналық балаларды қолдағаны үшін алғыс білдірді. Келіссөздер қорытындысы бойынша алты құжатқа қол қойылғаны хабарланды.