$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Есіл өзенінде теплоходтар 1 мамырдан бастап жүреді

Есіл өзенінде теплоходтар 1 мамырдан бастап жүреді
Фото: Астана әкімдігі

Астанада жазғы туристік маусымға дайындық аяқталуға жақын. Экскурсиялық теплоходтар 1 мамырдан бастап қайтадан қатынай бастайды. 

«Astana Tourism» туризмді дамыту орталығында атап өткендей, өзен бойымен серуендеу – тұрғындар мен қала қонақтары арасында ең сұранысқа ие демалыс түрлерінің бірі.

«Есіл бойындағы серуен – Астанадағы танымал туристік бағыттардың бірі. Жыл сайын оған деген қызығушылық жоғары», – деді департамент директоры Саят Оразтай.

«Есіл Астана» кеме қатынасы компаниясының мәліметінше, маусым басталар алдында барлық флот қажетті дайындықтан өткен.

«Барлық теплоходтар сырланып, толық тексерістен өтті. Жолаушылар қауіпсіздігіне ерекше мән берілді: жаңа құтқару кеудешелері сатып алынып, жабдықтар толық тексерілді», – деді компания менеджері Карина Данилко.

Биыл өзен бойымен 45 орындық «Астана KSW-082», 65 орындық «Есиль KSW-092» және «Р-118», сондай-ақ әрқайсысы 30 жолаушыға арналған «КС-192», «КС-201» және «ПР-151» теплоходтары қатынайды.

Сонымен қатар демалыс серуендеріне арналған 12 адамға дейінгі топтарға лайықталған төрт жылдам катер қосылды.