$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«TURGYNDAR AMANATY» жобасы қарқынды жүзеге асып жатыр

AstanaTV
27.04.2026ж. 19:00
«TURGYNDAR AMANATY» жобасы қарқынды жүзеге асып жатыр

Көпқабатты тұрғын үйлердің күтімі мен коммуналдық шаруашылықтағы түйткілдер  -бүгінде халықты ең көп мазалайтын мәселенің бірі. Сондықтан «AMANAT» партиясы бастамашы болған «TURGYNDAR AMANATY» жобасы өңірлерде қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Батыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарында өткен форумдар мен семинарлар саладағы қордаланған проблемаларды шешудің жаңа форматын ұсынды.

Батыс Қазақстанда үш жылда 3 700-ден астам пәтер пайдалануға берілсе, биыл тағы 770-тен астам баспана тапсырылмақ. Ендігі кезекте жаңа үйлердің сапасы мен басқарылуын жақсарту үшін мүлік иелері бірлестігі мен пәтер иелерінің кооперативі төрағалары арнайы әдістеме бойынша оқытылады.  Оралда «Тұрғындар аманаты» жобасының арнайы фронт-офисі ашылып, партия өкілдері мен Пәтер иелері кооперативтері арасында маңызды меморандумға қол қойылды.  Бұл - «халық қатысатын бюджет» бағдарламасын тиімді игерудің алғышарты.

МӘДИ ОСПАНОВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

КСК мен ОСИ төрағалары оқудан өтетін болады. Біз оған арнайы практикалық семинарларды жасап қойдық. Содан кейін біз төрағаларға жақсы бір оқу әдістеме жасап қойдық. Содан кейін халық қатысатын бюджет деген бағдарламаға КСК мен ОСИ өкілдерін дайындайтын боламыз.

Дәл осындай мазмұнды жиын мұнайлы өңірде де жалғасты. Атырау аймағында бүгінде 2 мыңға тарта көппәтерлі тұрғын үй бар,  47 мүлік иелері бірлестігі жұмыс істеп тұр. Дегенмен, қордаланған проблемалар да аз емес. Соңғы екі жылда 15 миллиард теңгеге 60 апатты үй көшірілгенімен, тариф пен лифт мәселесі әлі де өзекті. Жоба аясында ашылатын фронт-офистер коммуналдық мекеме басшыларымен тікелей диалог орнатуға мүмкіндік береді.

ЕРЖАН ЖЫЛҚЫБАЕВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

КСК төрағалары барып, жылу беретін, жарық беретін мекемелердің басшыларына кіру уақыттары тығыз ғой. Сол үшін біздің «Тұрғындар аманатының» фронт-офисына соларды жинап, дөңгелек үстел аясында мәселені шешіп жатырмыз. Әкімшілік деңгейінде шешетінін партияның филиалында шешеміз, шешілмейтін мәселелерді республикалық форумда талқылап, парламент деңгейінде көтеретін боламыз.

Ал Таразда өткен форумда облыстағы 2 101 көппәтерлі үйдің тағдыры талқыланды. Бүгінде аймақтағы 1 921 баспана кондоминиум нысаны ретінде тіркелуі тиіс болса,  оның 1 811-і құжаттандырылған. Жыл соңына дейін қалған 110 үйді тіркеу жоспарда бар. 

ШОЛПАН КАРИНОВА, "AMANAT"  ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

«TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында мәслихат депутаттарының белсенділіктерін арттыруға үлкен назар аударатын боламыз. Тұрғындармен кездесіп, оның ішінде көппәтерлі үй тұрғындарының нақты мәселелерін толық сұрап, біліп, жергілікті деңгейде жүйелі түрде шешіп отыратын боламыз.

Фронт-офистер мен депутаттық бақылау арқылы өңірлердегі әрбір мәселе жіті зерттеледі. Егер түйткіл аймақ деңгейінде шешілмесе, ол Парламент пен Үкімет мінберіне дейін көтерілетін болады. Жобаның мақсаты - әрбір қазақстандықтың өз үйінде қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету.