$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Өскемендегі зауытта жарылыс болды

AstanaTV
05.05.2026ж. 19:00
Өскемендегі зауытта жарылыс болды

Өскеменде жарылыс болды. Екі адам қаза тауып, тағы бесеуі зардап шеккен. «Қазмырыш» кәсіпорнының қорғасын зауытында газ бен ауа қоспасы жарылып, соның салдарынан өрт шығып, ғимараттың бір бөлігі опырылған. Оқиға қалай болды? Зардап шеккендердің жағдай қандай? Тілші айтады.

Бұл -оқиғаның алғашқы кадрлары. Жарылыс электролиз цехының балқыту бөлімінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, түтін сорғышты тазалап жатқанда жарылысқа ұқсас дыбыс болып, артынан өрт шыққан. Тілсіз жау 120 шаршы метрді қамтығанымен, қирандылар 220 шаршы метр аумаққа құлаған. Экологиялық жағдай да назардан тыс емес. Мамандар ауа сапасын тексеріп, оның газ емес, шаң екені анықталған.

РАШИД БЛЯЛОВ, ШҚО ТЖД БАСТЫҒЫ:

Қазіргі уақытта өрт оқшауланды, үйінділерді аршу және салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Жағдай бақылауда. Төтенше жағдайлар департаменті осы оқиға бойынша арнайы комиссия құрып, тергеу жүргізеді. Тергеу нәтижесінде апаттың себептері анықталады.

Зардап шеккендер дабыл түскеннен кейін 15 минут ішінде ауруханаға жеткізілген. Бес адамға медициналық көмек көрсетілді, оның төртеуі ер адам , біреуі әйел. Жеңіл жарақат алған үшеуіне көмек көрсетілген соң амбулаторлық емге жіберілді. Екі адам ауруханада қалған. Оның бірі өте ауыр жағдайда.

МҰРАТ НҰРБИКЕНОВ, ШҚО МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

1980 жылы туған ер адам өте ауыр жағдайда, денесінің 90 пайыздан астамын күйік шалған. Оған барлық шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Компьютерлік томография мен талдаулар жасалып, жансақтау бөліміне жатқызылды. 1974 жылы туған екінші науқаста бел омыртқасының сынуы бар.

Жарылыс болған жерде шамамен 80 құтқарушы, 18 техника, кинология мамандары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері және ТЖМ дроны жұмыс істеді. Өртті сөндірумен қатар іздестіру-құтқару жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Қаза тапқандардың отбасына көмек көрсетіледі.

АНДРЕЙ ЛАЗАРЕВ, «ҚАЗЦИНК» ЖШС БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтамыз. Қазір бір марқұмның отбасымен психологтар жұмыс істеп жатыр, екіншісімен байланысқа шығып жатырмыз. Марқұмдардың отбасыларына және зардап шеккендерге барлық қажетті көмек пен қолдау, оның ішінде материалдық және психологиялық жәрдем көрсетіледі.

Апат салдарынан екі адамның қаза болуына байланысты  қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.  Өңірде жедел желі іске қосылған. Үкімет басшысы төтенше жағдайдың себеп-салдарын жедел анықтап, барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Мәселені жеке бақылауына алды.