$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Қазақ – шекарасын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бекемдеген қаһарман халық, ержүрек ұлт",- Президент

AstanaTV
06.05.2026ж. 19:00
"Қазақ – шекарасын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бекемдеген қаһарман халық, ержүрек ұлт",- Президент

"Ерлік ешқашан ескірмейді". Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағы берілді. Мемлекет басшысы «Халық қаһарманы» Кенжебай Мәденовтің  ұлы Махамбет Кенжебайұлына айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін   салтанатты түрде тапсырды. Сондай-ақ,  бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Ақордадағы айтулы жиын жайлы, Сержан Айтжан айтады.

Қазақ - ежелден жауынгер халық. Тарих тереңіне бойласақ, ерлік пен елдікті ұштастырған ерлеріміз жетерлік. Қандай жағдай болмасын ұлты үшін отқа да, суға да түсер ұландарымыздың қорғаныс пен қауіпсіздікке, заң мен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі назардан тыс қалмақ емес. Осы орайда Президент қатар келген қос мерекеде бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қос мерекенің мән-мазмұны – үндес, тағылымы – ортақ. Осы мейрамдарда еліміздің ерлік дәстүрі кеңінен дәріптеледі. Біз бұл күндері жұртымызға қорған болып жүрген ерлерге құрмет көрсетеміз. Сондай-ақ сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен батырлардың рухына тағзым етеміз. Қазақ – шекарасын ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бекемдеген қаһарман халық, ержүрек ұлт.

Расында, бүгінгі армия баһадүр бабаларымыздың даңқты жолын жалғап келеді. Бейбіт күннің батырлары бітімгерлік миссиясы мен халықаралық тұрақтылықты нығайту ісіне зор үлес қосты. Сонымен бірге шекара асып, шет елдерде әскери әрі спорттық жарыстарда озық шығып жүр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Биыл Дубайда өткен ауқымды халықаралық жарысқа еліміздің бес командасы қатысып, жүлдемен оралды. Байрақты бәсекеде бірінші және екінші орынды Қазақстан құрамасы еншіледі. Әсіресе, әйелдер арасында топ жарған «Томирис» командасының қарым-қабілетіне жаһан жұрты тәнті болды. Мұның бәрі де – рухы мықты, қажыр-қайраты мол, Отан алдындағы антқа адал сарбаздарымыздың ерен еңбегінің жемісі екені айқын.

Даңқты ерлеріміздің қайтпас қайсарлығы ұлт рухының мәңгілік тірегі екені рас.  Терроршыны ұстау барысында қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасов атына медаль беру де осы елдің ерін ұмытпайтындығының белгісі. Сол ерліктің жарқын үлгісін көрсеткендердің бірі- Кенжебай Мәденов. Ол 1945 жылғы Берлин шайқасында Ратуша ғимаратына Қызыл Туды тігіп, жауынгерлерге ерекше жігер сыйлаған. Ұлт мақтанышына айналған майдангерге, Мемлекет басшысы «Халық қаһарманы» атағын  беру туралы Жарлыққа қол қойды.

МАХАМБЕТ КЕНЖЕБАЙҰЛЫ, КЕНЖЕБАЙ МӘДЕНОВТЫҢ ҰЛЫ:

Тіпті айтуға сөз көп. Даже өзім ұстап тұрғанда сенбей отырмын. Атырау біздің жерімізде қанша кісілер күтіп отыр. Осы награданы.

Елі үшін туған ерлердің ерлігі ескірмейді. Есті ұрпақ өткенге қарап бой түзейді, ой түзейді. Бүгінде айбынды армиямыз бабалар аманатына адал болып, ел тыныштығы мен тәуелсіздігін қорғауды басты міндеті санайды. Батырлардың даңқты жолы- бүгінгі сарбаздарға үлгі, ал олардың ерлігі рухани бағдар.