$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жасанды интеллект оқушылардың тәртібін сараптап, дәптер де тексереді

AstanaTV
13.05.2026ж. 19:00
Жасанды интеллект оқушылардың тәртібін сараптап, дәптер де тексереді

Елде цифрлық көмекшілер оқушылардың тәртібін сараптап, дәптер де тексереді.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы Жарлыққа қол қойып, сала оқу ісіндегі басым бағытқа айналды .  Жаңашылдықтың жаңалығы қандай? Аяулым Изатқызы айтады. 

Елорда мектептерінің бірінде алты бірдей пилоттық бағдарлама қолға алынып, білім беру жүйесіне серпін берді. Мұнда жасанды интеллект тек оқушыға бағыт-бағдар беріп қоймай, қауіпсіздікті де қамтамасыз етеді. Тіпті баланың қолжазбасын тексеріп,  білімге деген адалдығын пайыздап есептеп беретін де осы «ақылды» жүйе.

АЙТЖАН ӘБІЛМӘЖІНОВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ЦИФРЛАНДЫРУ ІСІ БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ:

«Rocket AI» мен «Google Workspace» платформалары мұғалімдердің уақытын үнемдеп, сабақты креативті өткізуге көмектеседі. Ал «Dana Tiyn» қосымшасы арқылы оқушылар қазақ тілін цифрлық форматта меңгеруде. «Kepler Vision» жүйесі мектептегі бейнекамералар арқылы кез келген кикілжіңді алдын ала анықтап, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Jazz Edu» жобасы қолжазба жұмыстарын тексеріп, оқушының материалды қаншалықты өздігінен орындағанын 70 пайыздық дәлдікпен анықтап береді.

Мектептегі бұл оң өзгерістер кездейсоқтық емес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа Жарлықтың жемісі. Президент жасанды интеллектіні білім берудің басым бағыты ретінде айқындады.

АЙДАНА МЕРГЕНБЕКОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ОРТА БІЛІМ БЕРУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Жасанды интеллект жобасы аясында мектептердің инфраструктурасына ерекше көңіл бөлінген. Ол - интернетке жоғары жылдамдықты қол жеткізуді қамтамасыз ету, сонымен қатар материалдық техникалық базамен жабдықтау көзделіп отыр.

Реформаның әлеуметтік миссиясы ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын  жою. Алдағы уақытта елдің түкпір-түкпіріндегі ауылдық мектептерде заманауи цифрлық жобалар іске қосылады. Бұл шалғайдағы баланың да ірі шаһардағы үздік мектептердің ресурстарына еш кедергісіз қол жеткізуіне жол ашпақ.

ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА. ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мұғалімдер қайта даярлаудан өтіп, жасанды интеллектті тек қосымша құрал ретінде пайдалануды үйренеді. Екінші маңызды мәселе - инфрақұрылымдық теңдік. Барлық мектептің технологияға қолжетімділігі бірдей болуы тиіс.  Ең бастысы - дербес деректерді қорғау. Жаһандық ашық модельдерге ақпарат жүктеу қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан бізге Қазақстанның білім беру мазмұнына, біздің құндылықтарымызға негізделген және сыртқа ақпарат шығармайтын локалды жасанды интеллект жүйелері қажет.

Жасанды интеллект ұстазды алмастырушы емес, оның жұмысын жеңілдетіп, сапаны арттыратын сенімді көмекшісі. Алдағы төрт жылға ЖИ негізінде  кешенді жоспар дайындалып жатыр.  .