Маңғыстау
облысына электроавтобустар әкелінді. Жаңаөзенде осындай көліктер тәжірибе
ретінде жүргізілетін болды. Әзірге екі қоғамдық көлік. Бұл туралы жолаушылар
көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлады.
Электроавтобустарды пайдалану қаншалықты
тиімді болатыны жолдар мен электр сымдарының жағдайына байланысты. Әзір
көліктер "Жаңаөзен-Теңге" бағытында қатынамақ. Жобаның нәтижесі оң
болса, шенеуніктер 100 автобус сатып
алуды жоспарлап қойған. Жолақы 60 теңге болады деді. Бір электроавтобустың бағасы 240-280 мың
доллар аралығында. Басқармадағылар, бұл көлік сұйытылған газбен жүретін
техникамен салыстырғанда екі есе арзан, деп отыр. Күніне 300 шақырымға 3200
теңгенің тоқ көзі қажет. Электроавтобустар қосалқы станцияларда қуаттандырылады. Оған небәрі 10 минут уақыт
кетеді.
Дәурен Тобжанов, МО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының м.а.:
Энергожүйелері бар қосалқы станциялар алғашында 6 сағат бойы қуаттандыратын ток көздерін әкелген. Бұл уақытта халық автобус қайда дейді ғой. Сондықтан, серіктес компанияның электржүйесіне қосылып, мықты қуаттандырғыштар алдық. Әр киловатт қуат үшін компания өзі төлейді.
Электроавтобустарды
Қазақ-Қытай бірлескен «Хайгер Куазар» компаниясы шығарған. Бөлшектері Аспан асты
елінен жеткізіліп, Алматыда құрастырылады.