$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Президент Алтын Орданы зерделеуге қатысты бірнеше ұсыныс айтты

19.05.2026ж. 16:12
Президент Алтын Орданы зерделеуге қатысты бірнеше ұсыныс айтты
Фото: Ақорда

Президент жақында Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы орталық құруды ұсынды.

Сонымен қатар Алтын Орда мәселесін зерделеп жүрген шетел мамандарын жұмылдырып, баспа саласына қатысты іргелі бастамаларды қолға алу қажет екенін айтты.

- Креативті индустрия және медиа бағытындағы түрлі жобалар, ең алдымен, академиялық зерттеулерге арқа сүйеуі керек. Жаһандану, жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде көшпенділік, яғни, номадизм тұжырымдамасы туралы жаңаша көзқарас қалыптастыру – өте маңызды. Бүгінде бұл ұғымның сипатын «цифрлық көшпенділердің» жасампаз рухы мен сарқылмас күш-қуатынан айқын көруге болады. Әділдік, ашықтық және мәдениеттер диалогі – Дала өркениетіне арқау болған құндылықтар. Осы мемлекеттілік дәстүрін жан-жақты зерттеу бүкіл Орталық Еуразияның ұзақ мерзімді дамуына ықпал етері сөзсіз. Қазір бұл аймақ жаңа сипаттағы қайта өрлеу, яғни, ренессанс кезеңіне қадам басты деп айтуға болады, – деді.

Біз әлемдегі маңызды геосаяси және өркениет орталығы ретінде өз тарихи миссиямызды қайта жаңғырта бастадық.

- Бұл үдерісте халықтарымыздың, соның ішінде, өскелең ұрпақтың теңдессіз рухы мен күш-қуаты шешуші рөл атқарады. Соның арқасында қазір біз алдымызға биік мақсаттар қойып, маңызды міндеттерді орындап келеміз. Сондықтан ата-бабадан қалған мол мұраны қазіргі заманның құндылықтарымен және озық технологиямен ұштастыру – маңызды. Тарихты зерттеу дегеніміз – өткенмен өмір сүру немесе көнені көксеу емес. Ескіліктің шырмауында қалу – надандық пен қараңғылыққа апаратын жол. Түп-тамырымызды толыққанды танып-білу арқылы ұлт дамуының көкжиегін кеңейте түсу қажет. Біз осы қағиданы терең түсіне отырып, жаңа Ата заңда мәдени мұраларымызды сақтауға, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуға айрықша басымдық бердік. Бұл маңызды жұмысты бастап та кеттік. Мен бір апта бұрын Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым, – деді Мемлекет басшысы.