$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Олжас Бектенов NU Жоғары қамқоршылық кеңесінің отырысын өткізіп, NU Өnergy креативті хабымен танысты

Олжас Бектенов NU Жоғары қамқоршылық кеңесінің отырысын өткізіп, NU Өnergy креативті хабымен танысты
Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов NU, НЗМ және «Назарбаев Қоры» Жоғары қамқоршылық кеңесінің отырысын өткізіп, атқарылған жұмыстар туралы есептерді тыңдап, алдағы даму жоспарларын қарады.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе ретінде NU-дың 2026–2031 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму стратегиясының жобасы талқыланды. Стратегия университеттің еліміздің жетекші зерттеу және инновациялық орталығы ретіндегі позициясын нығайтуға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бағытталған. Құжат бес негізгі бағытты қамтиды: жоғары білім беруді реформалау, академиялық және ғылыми көшбасшылық, денсаулық сақтаудың академиялық жүйесін дамыту, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді өндіріске трансферттеу. Отырыста сондай-ақ НЗМ-нің 2025 жылға арналған даму стратегиясын іске асыру жөніндегі есеп бекітілді. Мектептердің тұрақты академиялық нәтижелер көрсетіп отырғаны атап өтілді: оқушылар ұлттық және халықаралық олимпиадаларда тұрақты түрде көш бастап келеді, ал педагогтер кәсіби байқауларда жоғары нәтижелер көрсетуде.

Премьер-Министр сондай-ақ университетте жуырда ашылған NU Өnergy креативті хабымен танысты. Бұл – іргелі ғылым, технологиялар, креативті индустрия мен кәсіпкерлікті біріктіретін Орталық Азиядағы алғашқы пәнаралық кеңістік. Хаб жұмысының негізінде ғылыми және креативті ортадағы идеяларды нақты экономикаға арналған шешімдерге айналдыруға мүмкіндік беретін science-art бағыты жатыр. Цифрлық медиа мен кинодан бастап, биодизайн және гастрономияға дейінгі алты зертхана көпшілік қауым үшін қолжетімді.

Премьер-министр жасанды интеллект, білім беру, медицина, биотехнология, ауыл шаруашылығы, спорттық технологиялар және мәдени мұраны сақтау салаларындағы зертханалармен, озық ғылыми әзірлемелермен, стартаптармен және жоғары технологиялық жобалармен танысты.

Үкімет басшысына жаңа перспективалы ғылыми жобалар таныстырылып, бұған дейін Премьер-министрге ұсынылған жобалардың даму динамикасына да назар аударылды.

Таныстырылған жобалардың қатарында Қазақстанның 200-ден астам мектебін қамтып, он елдің нарығына шығып жатқан Artisan Education білім беру платформасы; қазақстандық футбол клубтарымен жұмыс істеп, Еуропа мен АҚШ-та пилоттық жобалардан өтіп жатқан ақылды ұлтарақтарға негізделген Mirai Tech спортшылардың биомеханикалық талдау жүйесі; сертификаттаудан өтіп, коммерциялық деңгейге шыққан A-GEAR медициналық экзоскелеті бар. Аграрлық секторда ТМД-дағы мал азықтандыруды ЖИ арқылы мониторингтеудің алғашқы жүйесі – BunkSense және ІҚМ репродуктивті биотехнологиялар зертханасы ұсынылды. Сондай-ақ GPS пен бұлтты технологиясыз басқарылатын қазақ тіліндегі автономды дрон, қалалық инфрақұрылымды көгалдандыруға арналған GreenDalaэкожобасы және LiDAR мен дрондарды қолдану арқылы архитектуралық мұраны цифрлық құжаттаудың ұлттық бағдарламасы көрсетілді.

Өткен жыл ішінде университет жаһандық академиялық кеңістіктегі позициясын айтарлықтай нығайтты. Times Higher Education World University Rankings 2026 рейтингінде Nazarbayev University шамамен 100 орынға көтеріліп, қазіргі таңда әлемнің үздік 401–500 университеті қатарынакірді.