$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ел мектептерінде оқу жылы аяқталды

25.05.2026ж. 16:36
Ел мектептерінде оқу жылы аяқталды
Фото: ашық дереккөзден

Биыл оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтады. Оның ішінде 215 мыңнан астамы – 11-сынып түлектері.

- Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сыныпты үздік аяқтауға үміткерлер саны 31 мыңнан астам. Ал 11-сыныпты үздік аяқтауға 18 мың оқушы үміткер. Бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етіп жатыр, - деп аталып өткен Оқу-ағарту министрлігі мәліметінде.

Оқу жылының аяқталуына орай 25 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде «Білімім — Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Сынып сағаттарында оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістіктері мен жарқын сәттері еске алынады. Сондай-ақ «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі құндылықтарына, білім мен ғылымға құрметті арттыруға, инновациялық ойлауды дамытуға Халықтық Конституцияда айқындалған басты стратегиялық бағыт ретінде ерекше назар аударылады. Оқушыларға жазғы каникул кезінде оқуға ұсынылатын әдебиеттер мен көруге ұсынылатын фильмдер тізімі таныстырылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 заманауи мектеп пайдалануға берілді. Оның 84-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Қазіргі таңда бұл мектептерде 220 мыңнан астам оқушы білім алып, 16 мыңға жуық педагог жұмыс істеп жатыр.