$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматыда жоғалған Ерзат Егінбайдың мәйіті табылды: туыстары әділ тергеуді талап етеді

AstanaTV
25.05.2026ж. 19:00
Алматыда жоғалған Ерзат Егінбайдың мәйіті табылды: туыстары әділ тергеуді талап етеді

Алматыда із-түссіз жоғалған Ерзат Егінбайдың мәйіті қала сыртындағы көлден табылды. Марқұмның туыстары оның өздігінен суға кеткеніне сенбейді. Айтуларынша, Ерзаттың мойнында көгерген іздер болған. Сонымен қатар, бейнебақылау жазбаларынан оның белгісіз біреумен телефон арқылы сөйлескені анықталған. Отбасы  істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етуде.

26 жастағы Ерзат Алматыдағы «Саяхат» автовокзалының маңында геодезист көмекшісі болып жұмыс істеген. Мамырдың 19-ы күні ол бастығынан дүкенге барып келуге сұранып шыққан. Алайда көп ұзамай аялдамада бөгде біреумен телефон арқылы сөйлескені бейнебақылауға түскен. Кейін автобусқа мініп, Еңбекшіқазақ ауданына қарай жол тартқан. Туыстарының айтуынша, Ерзат кейін Космос ауылына барған. Сондай-ақ, оның ақ футболка киген белгісіз адаммен бірге жүргені де камера жазбаларынан байқалған.

ТОЛША КУСАИНОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Баламның мәйіті табылған жер күнделікті өміріне ешқандай қатысы жоқ. Мұны "суицид" деп айтуға болмайды. Қастандықпен өлтірілген балам. Камералардың барлығын балаларым өздері ашып, өздері следовательге беріп отырды. Следовательдердің жұмысы өте әлсіз болды. Уақытында шықпады, ертерек қимылдамады. Егер ертерек қозғалса баламызды тірі табар ма едік.

ҒАЗИЗІ ӘМІРБЕК, ТІЛШІ :

Төрт күн бойы жұмбақ жағдайда жоғалған Ерзат Егінбайдың денесі дәл осы Комсомол тоғанынан табылды. Туыстарының айтуынша, мәйітті бұл маңға балық аулауға келгендер судың бетінен байқап қалған.

РИНАТ БАЙҚАЗАҚОВ. МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:

Көп жатқаны көрініп тұр суда. Ісініп кеткен, былай бір көргеннен тани алмайсың. Байқағаным, основном із мойынында болды. Жіптің батып қалған іздері болады ғой бір. Бірақ ол киіммен болғаннан кейін футболканың тігісі бар ғой, соның ізіне де ұқсайды. Телефоны өзінде болды ғой. Телефонын тексерту керек жақсылап детализация жасап.

Ерзат хабарсыз кеткен күні кешке отбасы бірден полицияға арызданған. Алайда жақындары тәртіп сақшылары алғашқы үш күнде іздеу жұмыстары жүргізілмейтінін айтып, тек төртінші күні   әрекетке көшкенін айтады. Қазір Алматы облысының полициясы қылмыстық іс қозғап, оқиғаның мән-жайын анықтауға кіріскен.

ЕРНАР САЙДИЛЬДИН, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Бұрын хабар-ошарсыз кеткен адамның мәйітінің табылу фактісі бойынша полиция қызметкерлерімен қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, мәйіттен зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Тергеу жалғасып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Марқұмның артында аяғы ауыр жары қалды. Қайғыдан қан жұтқан отбасы әділ тергеу жүргізіліп, оқиғаның шындығы ашылсын деп талап етеді.