$541.34 €640.73 ₽6.53
×

2027 жыл тарихтағы ең ыстық жыл болуы мүмкін - ғалым

29.05.2026ж. 23:41
2027 жыл тарихтағы ең ыстық жыл болуы мүмкін - ғалым
фото: pixabay

2030 жылға дейін әлемде жаңа рекордтық ыстық жыл болуы мүмкін. Бұл туралы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (WMO) жариялаған баяндамада айтылды.

Ұйымның мәліметінше, 2026-2030 жылдар аралығындағы кем дегенде бір жыл 2024 жылдан да ыстық болуы мүмкін. Қазір 2024 жыл тарихтағы ең ыстық жыл болып есептеледі. Мұндай жағдайдың болу ықтималдығы – 86%. Сондай-ақ алдағы 5 жылда орташа жаһандық температураның индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1,5 градусқа жоғары болу ықтималдығы 75% екені айтылды.

Ғалымдар климаттың өзгеруін көмір, мұнай және газ сияқты қазба отындарды жағудан бөлінетін көмірқышқыл газының көбеюімен байланыстырады. Олардың айтуынша, жаһандық жылыну қазірдің өзінде әр минут сайын бір адамның өліміне себеп болып отыр. Егер зиянды шығарындылар азайтылмаса, бұл жағдай ушыға түсуі мүмкін.

БҰҰ-ның климат мәселелері жөніндегі өкілі Саймон Стилл Еуропадағы аптап ыстықты климаттық дағдарыстың салдары деп атады. Оның сөзінше, Үндістан мен Азияның басқа аймақтары да қатты зардап шегіп жатыр.

Ғалымдар бірнеше рет температураның 1,5 градусқа көтерілуі аптап ыстықтың, құрғақшылықтың, дауылдар мен су тасқындарының күшеюіне әкелетінін ескерткен. Сонымен қатар мамандар 2026-2030 жылдары температураның 2 градусқа көтерілу ықтималдығы 1%-дан аз екенін айтты.

Температураның көтерілуіне Эль-Ниньо табиғи құбылысы да әсер етеді.

АҚШ Ұлттық мұхиттық және атмосфералық зерттеулер басқармасының мәліметінше, Эль-Ниньоның 2026 жылдың желтоқсаны мен 2027 жылдың ақпаны аралығында пайда болу ықтималдығы – 96%, ал оның күшті болуы – 35%.

Баяндаманың авторы Леон Хермансон осы құбылыс 2027 жылдың рекордтық ыстық жыл болу мүмкіндігін арттыратынын айтты.

Сондай-ақ есепте алдағы 5 қыста Арктикадағы температура қазіргі деңгейден орта есеппен 2,8 градусқа жоғары болатыны айтылған. Бұл Арктика әлемнің басқа аймақтарына қарағанда үш есе жылдам жылынып жатқанын көрсетеді.