$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Алматыда туберкулезге шалдыққандарды "Skype" арқылы емдеу қолға алынды

AstanaTV
08.02.2018ж. 20:00
2664
Алматыда туберкулезге шалдыққандарды "Skype" арқылы емдеу қолға алынды

Алматылық дәрігерлер ақпараттық байланыс технологияларының көмегімен құрт ауруын емдейтін болған. Қаладағы туберкулезге қарсы диспансер дәрігерлері науқасқа Skype арқылы нұсқау беруді жолға қойып отыр. Бұл туралы бүгін аймақтық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында қалалық диспансердің бас дәрігері айтты. Тәртіп бойынша жұқпалы дертке шалдыққан адам ауруханадан шыққан соң үйінде емін жалғасырады. Ол медицина қызметкерлерінен бейнебайланыс арқылы препараттарды тұтыну мен өзге де кеңестер ала алады. Осы күндері 68 науқас осы тәсілмен емін жалғастырып жатқан көрінеді. Тағы 5 адам осы әдіс арқылы дертінен айыққан.

Жанар Сәпиева, Алматы қаласы ауданаралық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері:

Ақпараттық технологияны пайдалануға басымдылық беріп отырмыз. Науқастар смартфон көмегімен бейнебайланысқа шығып, өзіне қажетті емді алып жүр. Олардың саны 70-ке жуықтады. Жақында ғана 5 адам осы жүйемен емін аяқтап, арнайы тексеруден өткен еді. Олар ауруларынан айығып кеткенін байқадық. Енді бұл жүйені балалар арасында да қолданып көрмекпіз. Тиімділігін береді деп ойлаймын.

Қалада бұл дертке шалдыққандар санының азайғаны байқалған. Соңғы 5 жылда ауру көрсеткіші 38 пайызға төмендеген. Жыл сайын 100 мың адамның 35-сі бұл дертті жаңадан жұқтырады. Ал республика бойынша соңғы 10 жылда құрт ауруын жұқтырушылардың саны 2,5 есе азайған. Тиісінше 100 мың адамға шаққанда 52 адам. Ал осы аурудан қайтыс болатындар 6 есеге кеміген. Бір жылда ауру 100 мың адамның үшеуін жеңеді.