Жолаушы тасымалдау секторы тұрақты жұмыс істеу үшін салаға субсидия бөлу қажет. Тараздағы автопарктер проблемасын шешуге араласқан аймақтағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері осылай деп отыр. Олардың дерегінше, Тараздағы 11 тасымалдаушы компания көліктерінің 50 пайызы ескірген. Сондықтан қазір қалада 567 автобус ілініп-салынып қатынап жүрген көрінеді. Әрі жұмысшылар жалақысы да мардымсыз деп отыр. Сондықтан көлік компанияларына көмек беру үшін палатаның жанынан құрылған қауымдастық жолаушы тасымалдаушылардың талап-тілектерін жинақтап жатыр.
Мәріпбек Шәкербек, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры:
Автобустардың 50 пайызы ескірген. Біз «Атамекен» бұл сала өзін толық ақтай алады дегенге сеніміміз жоқ. Сондықтан бұл салаға мемлекет тарапынан субсидия түрінде көмек керек. Біз ұсыныстарымызды облыстық әкімшілікке енгізсек деп жоспарлап отырмыз. Себебі қазіргі 65 теңге кәсіпкерлердің шығынын өтемейді.
Жалпы ел аумағындағы тек 7 облыста ғана автопарктерге субсидия беріледі. Бұл тізімде Жамбыл облысы жоқ. Бұған дейін Тараздағы автопарк басшылары жолақыны 90 теңгеге көтеру керектігін айтқан болатын. Олай етпеген жағдайда серіктестіктер шығындарын жаба алмай, банкрот болуы мүмкін екендерін айтты.