Түркияда жолаушылар автобусы қатысқан ірі жол апаты болды. Измир – Анталья бағытымен келе жатқан автобус Денизли – Айдын автомагистраліндегі Тырказ ауданында апатқа ұшыраған. Алдын ала мәлімет бойынша, автобус жол қоршауына соғылып, кейін өртеніп кеткен.
Оқиға орнына жедел жәрдем қызметі, құтқарушылар, өрт сөндірушілер, полиция және жандармерия қызметкерлері шұғыл жеткен.
Өрт салдарынан сегіз адам қаза тапқан. Олардың арасында автобус жүргізушісі мен тоғыз айлық сәби бар. Тағы 33 адам түрлі деңгейде жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілді.
Автобус салонында 38 жолаушы мен көлік компаниясының үш қызметкері болғаны белгілі болды.
Қаза тапқандардың денелері сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Төтенше қызметтердің жұмысы аяқталғаннан кейін автобус оқиға орнынан эвакуацияланды.
Апат салдарынан Денизли бағытына қарай қозғалыс шамамен төрт сағатқа жабылған. Кейін жол тазартылып, көлік қозғалысы қайта ашылды.