"Сұлулық келбетте емес - жүректе". Паралимпиялық атлет Тұрсынай Қабыл виртуалды арулар байқауында бақ сынап жатыр. Бұл спортшы қыздың алғашқы сұлулық байқауы. 18 жастағы қыз, пауэрлифтингтен бақ сынап, зілтемір көтеруге әлдеқайда машықтанған. Азия ойындарының жеңімпазы енді арулар байқауына қатысып жатыр. Талабы таудай Тұрсынаймен әріптесім Заңғар Санай тілдесіп қайтты.
Адамға алға ұмтылу үшін бой емес, ой керек. Тұрсынай Қабылдың өмірлік ұстанымы осы. Мүмкіндігі шектеулі болса да, талай спорттық сайыстарда топ жарған спортшы арулар байқауында да бақ сынауға бел буған.
Тұрсынай Қабыл, пауэрлифтер:
Менің ойымша, мүмкіндігі шектеулі жандар да көркем келбетін көрсетуі керек. Жан дүниесінің сұлулығын, өмірге деген құштарлығын, алға жетелейтін ерік -жігерін елге мәлім етсе деймін. Сондықтан фотосессия жасап, осы байқауға қатысуды жөн көрдім.
Паралимпиялық атлет - былтыр Дубайда өткен Азия ойындарының жеңімпазы. Оның өмірге деген құштарлығы мен жеңіске деген жігері көп адамға үлгі болып жүр. Дәрігерлер спортпен шұғылдануға қанша тыйым салғанымен, қаршадай қыз қажырлық танытып, халықаралық сайыстарға қатысып келеді. Әлі талай байрақты бәсекелерді бағындыруды мақсат етеді.
Тұрсынай Қабыл, пауэрлифтер:
Дәрігерлер маған үнемі шектеу қойды. Әр дәрігердің өз пікірі бар. Профессорлар спортпен шұғылдануыңа мүлдем болмайды, егер жаттығуды жалғастыра берсең, қолыңнан айрылып қалуың мүмкін дегенді айтты.
Тұрсынай Қабыл 3 жылдың ішінде пауэрлифтинг жұлдызына айналды. Ол Қазақстанның 6 дүркін чемпионы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ендігі мақсаты - паралимпиаданың алтын медалін алу.
Дмитрий Царенко, пауэрлифтинг бойынша аға жаттықтырушы:
Өзгелерге қарағанда кәсіби деңгейдегі спортшыға көбірек салмақ түседі. Халықаралық жарыстарға қатысу үшін көп жаттығып, көп дайындалу керек. Сондықтан біз бәріне бірдей қараймыз.
«Виртуалды ару - 2018» байқауына қатысушыларға дауыс беру ақпанның 19-на дейін жалғаспақ. Дегенмен, Тұрсынай үшін спорт бірінші кезекте. Ол қазір Дубайда өтетін әлем кубогына дайындалып жатыр.
Заңғар САНАЙ