Алматы облысында 29 жастағы ер адамның мәйітін жұмыс орнының маңынан тапқан. Марқұмның қарындасының айтуынша, ер адам 23 мамыр жұмысқа кетіп, қайта оралмаған. Қылмысқа оның әріптестері күдікті деп алынды. Туысының сөзінше, ер адамды таспен ұрып-соғып, тірідей көміп тастаған. Жақындары оны бірнеше күн бойы өз бетінше іздеген, ал 27 мамырда анасы полицияға ресми түрде арызданған. Сол күні жедел іздестіру шаралары барысында жоғалған азаматтың мәйіті Шонжыдағы жұмыс орнынан алыс емес жерде көміп тастаған жерінен табылды.
ЕРНАР САЙДИЛЬДИН, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде кісі өлтіруге күдікті тұлғаларды ізін суытпай ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Алдын ала мәліметтер бойынша, спирттік ішімдік ішу барысында ер адам мен оның әріптестері арасында жанжал туындап, соның барысында жәбірленушіге дене жарақаттары келтірілген. Аталған дерек бойынша кісі өлтіру және қылмысты жасыру фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Екі күдікті қамауға алынды.