$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Еліміздің әр өңірінен келген оқушылар Ақорданы аралады

AstanaTV
01.06.2026ж. 19:00
Еліміздің әр өңірінен келген оқушылар Ақорданы аралады

Қазақстанның түкпір түкпірінен келген 100 оқушы Ақорданы аралады. Балаларды қорғау күнінде оқушылар мемлекеттің маңызды нысаны саналатын ғимаратпен танысты. Сондай ақ кішкентай меймандар резиденция аумағындағы бақта серуендеді.

Балалар күніне орай биыл бесінші рет оқушылар Ақордаға ат басын бұрды.

Қол алысты, құжат алмасты. Өздерін дипломат сезінді. Әр өңірден жүзден жүйрік шыққан пәндік олимпиада жеңімпаздары, озат оқушылар мен спорттық жарыстарда жүлдегер атанған өрендер жиналған. Олардың арасында талантымен таңдай қақтырып, рекорд орнатқан жыршы да бар.

СҰЛТАН ҚАРАҒҰЛ, ОҚУШЫ:

Осы биылғы наурыз айының 16-17 күндері аралығында біз Ер Едіге жыр мектебімен әлемдік рекордтар кітабына кірдік. 36 бала болып, кезек-кезек дастандар, пайғамбарлар қиссасын орындадық. Еңбектің нәтиженің арқасында Азия-Африка елдері арасында әлемдік рекордтар кітабына кірдік.

Ұйымдастырушылар экскурсия бағытына мұражайлар, «Бәйтерек» монументін, «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасын және халықаралық жасанды интеллект орталығы мен ЛРТ желісін де қосқан. Аймақтан жиналған алғыр балалар Ақордаға шақырту алғаннан кейін, дайындығын ерте бастап, киіміне де мұқият көңіл бөліпті.

АМИРЛАН ҚАЙРАТ, ОҚУШЫ:

Өйткені осы Ақорданың ішіне кіру өзімнің бір арманым болып тұрған үшін мен красавчик боп келейін дедім. Бұл красавчик боп келгенім, жақсы болды. Өйткені бұл Ақорданың іші қандай әдемі, сондай мен әдемі болу керек болдым.

Балалар Ақорда ішіндегі залдарды ғана аралаған жоқ, аумағында серуендеді.

АЛМАН МАХАМБЕТҰЛЫ, ОҚУШЫ:

Ақорданың іші өмірде көргенге жетпейді екен. Былайша айтқанда біз теледидардан көрген кездее гөрі Ақордаға шынайы көзбен көріп келген өте жақсы және өте әдемі. Бұл Ақорданың іші деген бізге үлкен бақыт сыйлады.

Экскурсия соңында балаларға Президент атынан естелік сыйлықтар табысталды. Бұл оқушыларды ынталандырып, дамуына септігін тигізетіні анық.