Талдықорған қаласында патрульдік полиция қызметкерлері мас күйінде көлік басқарған жүргізушіні анықтады.
Қаланың Шевченко көшесінде қызметтік міндетін атқару барысында полицейлер CHANGAN DEEPAL автокөлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде көлік тізгінінде отырған 39 жастағы жергілікті тұрғыннан алкогольдік масаңдық белгілері байқалған. Жүргізуші медициналық куәландырудан өткізіліп, сараптама қорытындысы оның алкогольдік мас күйде болғанын растады. Аталған дерек бойынша құқық бұзушыға қатысты әкімшілік материалдар рәсімделіп, іс құжаттары заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Ал көлік құралы мамандандырылған айып тұрағына қойылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы көзделген. Полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушыларды жауапкершілік танытуға шақырады. Мамандардың айтуынша, мас жүргізуші тек өзінің ғана емес, өзге жол қозғалысына қатысушылардың да өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Тәртіп сақшылары азаматтарға алкогольдік ішімдік тұтынған жағдайда көлік тізгініне отырмауды ескертіп, жолдағы қауіпсіздік әрбір жүргізушінің жауапкершілігі екенін атап өтті.