Қызылордада "Қару" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында мал ұрлығының жолы кесілді. Іс-шара аясында учаскелік полиция инспекторларынан құрылған топ қызмет атқару барысында 27 мамыр күні түнгі сағат 22:30 шамасында Жаңақорған ауданының Жаңарық ауылы тұсындағы Қандөз – Жаңақорған автожолының бойында мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ автокөлікті тоқтатты. Құжаттарды тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан байланған ірі қара мал табылып, оның жайылымнан ұрланғандығы белгілі болды. Мал ұрлығы дерегі бойыша қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдікті ретінде танылған екі жергілікті тұрғын ұсталып, аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Полиция қызметкерлері мал ұрлығының алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп, тұрғындарға бірқатар маңызды кеңестер беруде. Тұрғындар малдарын түгелдей сырғалатып, таңбалап, құжаттарын ретке келтіруі қажет. Сондай-ақ малдарды жайылымға қараусыз жібермей, пада ұйымдастырып, жайылымдардағы бақылауды күшейту ұсынылады.