$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ауылдық округтердің бюджеті мүлік салығы, лицензиялық алымдар және экологиялық айыппұл есебінен кеңейтіледі

Ауылдық округтердің бюджеті мүлік салығы, лицензиялық алымдар және экологиялық айыппұл есебінен кеңейтіледі
egemen.kz

Мәжіліс екінші оқылымда Парламент депутаттары бастамашы болған Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі заңнамалық түзетулерді қабылдады.

Заң жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, ұғымдық аппарат нақтыланады, жергілікті қоғамдастықтардың жиындары мен жиналыстарын өткізу тәртібі реттеледі.

Сондай-ақ мәслихаттар қызметінің тиімділігін арттыру шараларының аясында депутаттардың өкілеттіктері, жауапкершілік шаралары және әлеуметтік кепілдіктері нақтыланады. Құжатта мәслихат аппараты басшысын тағайындау және қызметтен босату тәртібі айқындалып, оның өкілеттіктері бекітіледі. Бұл ретте мәслихат төрағасын қайта сайлау мүмкіндігі екі мерзіммен шектеледі.

Қосымша қабылданған норма шеңберінде кірістердің бір бөлігі аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің деңгейіне беріледі. Оларға заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлкіне салынатын салық, тіркеу орны бойынша жекелеген қызмет түрлері үшін лицензиялық алымдар, айыппұлдар және қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқа да өндіріп алулар жатады. Мұнай секторынан түсетін түсімдер жатпайды.

Сонымен қатар заң паясында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына қатысушылардың тізімі кеңейтіліп, оған цифрлық технологиялар және мұрағат ісі саласындағы мамандар қосылды. Басқа түзетулер мемлекеттік емес субъектілердің сот-сараптама қызметіне қатысуын жүйелеуге, мемлекеттік міндеттемелерді орындай отырып, EPC+F құралын қолдануды кеңейтуге бағытталған.