$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қазақстанда алғаш рет ауқымды әкімшілік рақымшылық жүргізіледі

Қазақстанда алғаш рет ауқымды әкімшілік рақымшылық жүргізіледі

Еліміздің тарихында тұңғыш рет қылмыстық жауаптылықпен қатар, әкімшілік айыппұлдар да кешірілмек. Заң жобасы Мәжілісте мақұлданды. Бұл жай ғана кешірім емес, бұл жаңа Конституцияның құрметіне жасалған мемлекеттің ең ауқымды ізгілік актісі. Қоғам мен қауіпсіздік теңгерімін таразылаған заң кімді түрмеден босатады, ал кімнің қарызын сызып тастайды? Мәжілістен әріптесім Ақбота Базарбай тарқатып айтады.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Заңның аты - заң. Алдын ала есеп бойынша, қылмыстық рақымшылық шаралары 16 жарым мың адамға шипа болмақ. Оның ішінде 1,5 мыңға жуық сотталушы темір тордан біржола құтылып, үйіне оралады. Бұл жолы заңның таразысы өте дәл. Қылмыстық теріс қылық пен жеңіл қылмыс жасағандар, сондай-ақ шығынды толық өтеген орташа ауыр қылмыскерлердің ісі толық тоқтатылады.

Бірақ мемлекет бәрін бірдей кешіре салмайды. Жеңілдік тек өз қателігін түсініп, келтірген шығынын толық өтеген және қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға ғана беріледі. Ал орташа немесе ауыр қылмыс жасағандардың жаза мерзімі олардың шығынды өтеуіне қарай қысқартылады. Ондай жағдайда жаза мерзімі жартысына, үштен біріне немесе төрттен біріне дейін азайтылуы мүмкін.

АБАЙ ҚАЙЫРБЕКОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ - ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Алдын ала есептеулер бойынша биыл да 15 мың сотталған адам қылмыстық рақымшылыққа жатады. Оның ішінде 5 мыңнан астамы бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқандар, 10 мыңы пробациялық бақылаудағы сотталғандар. Былтырғы рақымшылық актісіне сәйкес, 2,3 мың адам жазасын өтеу орындарынан босатылған. Солардың арасынан 8 адам қайтадан қылмыс жасап, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Заң жобасының 3-бабына сәйкес, бұрын рақымшылық қолданылып, қайтадан қылмыс жасаған адамдарға қатысты қайтадан рақымшылық жасау шектелді.

Ең басты сенсация - әкімшілік рақымшылық. Бұл шара Ішкі істер министрлігі бойынша шамамен 1 миллион айыппұлды кешіреді. Қарыз жүктемесінен қарапайым азаматтар, жеке кәсіпкерлер, нотариустар, адвокаттар мен сот орындаушылары құтылады. Ең тиімдісі ешқайда барып, кезекке тұрудың қажеті жоқ. Арнайы электронды жүйе рақымшылыққа ілінгендерді автоматты түрде анықтап, телефондарына СМС жолдайды.

АБЗАЛ ҚҰСПАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Осы мақсатта заң жобасында рақымшылық қолданылмайтын қылмыстардың тізбесі айқындалған. Қылмыстық-процестік кодекстің 476-бабының 15-тармағына сәйкес, рақымшылық жасау туралы түпкілікті шешімді әрбір сотталғанға қатысты сот жеке-жеке қабылдайтынын атап өткен жөн. Заң жобасымен жергілікті атқарушы органдарға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру бойынша міндеттер жүктеледі.

Бірақ тоқмейілсуге ерте. Қоғамды улағандар мен қауіп төндіргендерге кешірім жоқ. Жеңілдік жемқорларға, террористер мен экстремистерге, педофилдер мен азаптаушыларға, қылмысы қайталанған рецидивистерге берілмейді. Әкімшілік жағынан да мас күйінде көлік айдағандар, қарсы жолаққа шыққандар, қару мен есірткі тасығандар айыппұлын тиынына дейін төлейді. Жол ережесін өрескел бұзғандарға рақымшылық жасалмайды.

САНЖАР ӘДІЛОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қамауда болуының соңғы жылы қалған, бас бостандығынан айыру орындарында отырған адамдарға да рақымшылық қолданылады. Қазіргі уақытта бірінші теріс дәрежесі бар адамдарға рақымшылық қолданбау мәселесін қарастырып жатырмыз. Ауыр және аса ауыр қылмыстарға келетін болсақ, жоғарыда аталғандардан басқа жазаның өтелу мерзімін қысқарту мәселесін қарастырып жатырмыз. Жалпы алғанда мерзімнің бестен бір бөлігіне қысқарту көзделуде.

Жаңа заң жобасы адамның құқығы мен мемлекеттің қауіпсіздігі арасындағы теңгерімді сақтап отыр. Ең бастысы, бұл шара бюджеттен көк тиын да қосымша шығынды талап етпейді. Бұл мемлекеттің қателескен, бірақ түзелуге серт берген азаматтарына созған оң қолы.