Алтынсарин ауданының прокуратурасы жүргізген қадағалау барысында ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады.
Ауыл шаруашылығы кәсіпорны Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 92-бабы мен "Жайылымдар туралы" заңның 14-бабы талаптарын бұза отырып, мал жаю және жем-шөп дайындау үшін қажетті мал басын ұстамай, жайылым жерлерді пайдаланған. Атап айтқанда, бір кәсіпорын 363 гектар жайылымды нысаналы мақсатына сай пайдаланбаған.
– Бес шаруашылық асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бөлінген 38 млн теңгеден астам субсидияны ірі қара малдың аналық басын екі жыл бойы сақтау жөніндегі міндеттемелерін орындамай алған, – делінген хабарламада.
Прокурорлық қадағалау актілері негізінде заң бұзушылықтар жойылып, жайылым жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ бұрын төленген субсидиялар толық көлемде өтелді.
Қайтарылған жер учаскелері арнайы жер қорына енгізіліп, алдағы уақытта азаматтарға шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін қайта бөлінетін болады.