Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Мал сою, жыртыс, шапан деп жүгіріп, қайғыра да алмау...

AstanaTV
10.02.2018ж. 20:00
10070
Мал сою, жыртыс, шапан деп жүгіріп, қайғыра да алмау...

Былтыр Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы зират қоюға байланысты пәтуә шығарған –«Шариғат бойынша адамның бейнесін қашап, бюст, ескерткіш орнатуға рұқсат жоқ. Жарты ай бейнеленіп, қайтыс болған адамның аты-жөні, туған жылы мен өлген уақыты жазылады. Зират түйенің өркешінен биік болмауы тиіс». Ал өлген адамның суреті қашалып, ескерткіш орнатылатын, қымбат тастардан қаланып, зәулім зираттар салынатын елде бұл пәтуә орындалып жатыр ма? Кредит алып кесене тұрғызатындар бар ғой... Бұған адам қайтыс болған кездегі қонақасы, жетілігі, қырқы, асындағы «ас та, төк» дастарқанды қосыңыз. Жыртыс, шапан... Бұл не? Есерсоқтық па, әнебір байдың «жыртылыңнан 1 метр» дейтініндей даңғазалық па? Кім «қой» дейді? Соңғы уақытта имамдар тәубеге келуге, ысырапшылдықтан арылуға шақырып бастады. Ақтөбе имамдарының бастамасын біз бергенбіз. Жақында СҚО имамдары да соған үндеді. Енді Жамбыл, ОҚО, Қызылорда облыстарының имамдары сөйдеп отыр.

Айтпағымыз, тойды да қойшы, білгенін істесін. Жаманы - жақынынан айырылған адамдар қайғыра да алмайтын уақыт туды – «ел күліп кетеді» деп, дастарқан мен шапан-тақияға қайдан ақша табарын білмей, зыр жүгіріп жүргені...Тоқтық немесе жоқтықтың адамы болсаңыз да, баратын орныңыз бір жер екені аян. Алла-тағала ниетті жылқы сойылған, «жайнаған» дастарқан бойынша өлшемейді. Данияр Әлімқұлдың сараптамасы.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Бүгінде бақилық болған адамды соңғы сапарға шығарып салу үшін соңғы тиынын санап қалып жатқандар көп. Яғни, қазақ-қазан ет асып, қатар-қатар дастархан жаю дәстүрімізге дендеп енді. Көпшілік көңіл айтуға емес, көз сүріндірер дастарқаннан дәм тату үшін бара ма? Топырақты өлімді торқалы той ету кімге керек?

Қара жамылып, қайғырған отбасы. Олар өздерін жұбата ма, әлде өзгенің ас ішіп, аяқ босатуына алаңдай ма? Ырысыңды ысырып қылудың түрлі тәсілі көп. Шапан іздеп, шауып жүрер. Мүмкін, мата кесіп, мезі боп жатар. Оны жаназаның жыртысы ғой деп қоямыз.

Райхан Бегалиева, сатушы:

Қарапайым адамдар 200 данадан алады орамалды, бет орамалды. Жыртыс ретінде таратады. 30, 40, 50 мың теңге кетеді ғой үлкен қария адамға. Жыртысымен, қыжымымен, орайтын кебінімен қосқанда. Шомылдыратын кісілер бар ғой, соларға калош, мәсі алады.

Шапандар 1500 теңгеден басталып, 10 мыңнан 15 мыңға дейін барады.

Мата сатуды мықтап меңгерген Райхан жамбылдықтар шүберекті жыртыс үшін көп алатынын айтады. Тіпті, жақынымның жаназасына деп жарты миллион теңгесін тастап кететіндер де бар көрінеді.

Райхан Бегалиева, сатушы:

Жоғары жақта істейтіндер алады. 500 мың теңгеге дейін алып жатады. Мынадан өзіңіз ойлаңыз 5-6 руллонын алады. Әр руллонды 30 мыңнан есептей беріңіз.

Жамбыл облыстық статистика басқармасының мәліметінше, былтыр аймақта 1 жыл ішінде 7 298 адам қайтыс болған. 2016 жылы 7340 адам көз жұмған. Әрине, ажал айтып келмейді. «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады». Тараздық Ұлысбай қария кісі қайтқан үйге көп шақырылатын қажы. Ол жаназа шығаруға барғанда ысыраптың түр-түрін көргем дейді.

Ұлысбай Тұрғынбаев, Тараз қаласының тұрғыны: 

Еу, анау осындай үлкен бір жылқы сойып еді, содан кейін осында-осындай жыртыстар беріп еді. Одан кейін осындай хадиялар беріп еді деген, соны өсиет қып қалдыратындар бар.

Орал қаласының тұрғыны Құсайын қарияның жуырда ғана бір әкеден бірге туған қарындасы қайтыс болды. Ауқатты адам болса да, «ас та, төк» дастарқан жаюды жөн көрмепті. Өйткені, өлім – барыңды шашып, байлығыңды көрсететін бәсеке емес.

Құсайын қажы Бақтиярұлы, кәсіпкер:

Қазаға 400-500 адам жиналады. Бұрын бір ірі қара мал соятын еді. Қазір ол жетпейді. Бір ірі қара мал 300 мың теңге. Жылқы болса, одан да қымбат. Бұл дегеніңіз барып тұрған...

Тараздық Жандос әкесінің жылдық асын беріп жатыр. Адам басына 4 мың теңгеден келетін орташа мейрамхананы таңдап алыпты. Дастарқаны анау айтқандай «ас та, төк» емес.

Жандос Сәдуақасов, Тараз қаласының тұрғыны:

Сол әкеме ас беріп жатырмын. 50 адамды шақырдым. Қаржылай келгенде 50 адамға орта есеппен 200-300 мың теңгедей кетеді.

Біреудің өлімі - біреуге пайда. «Арты қайырлы болсын» айта барып, ауқат аңдып жүретіндерді қайтесіз? Садақаның дастарқанын сыбағасы секілді сап әкететіндерді айтам. Майдалыққа салынған мал тапқыштар бар.

Ескендір Елеусізов, СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Кейінгі кезде көріп жүрміз. Сол дастарқан басынан дорба-дорба пакет алып, үйіне алып кету деген сияқты көріністер толып жатыр. Соны ойлағанда жағаңды ұстайсың. Апырау, бұл той емес.

Дінімізде «арам нәресе емес, адал нәрсенің өзін артығымен пайдалану «ысырап» делінген. Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова да осы ойды ұстанады. Әйгілі әншіні бақи болған адамның жаназасы банкетке айнала кететіні қынжылтады.

Бибігүл Төлегенова, КСРО халық артисі:

Тойға дастарқанды қалай жаяды, дәл сондай қып, асқа да солай жаяды. Біздің кезімізде бауырсақ пісіреді, шелпек пісіреді, май қояды, нан қояды. Ал, мына жерде тура банкет сияқты. Қызыл икрадан, қара икрадан бастап... Керегі жоқ қой. Келіп, әруақты еске алып, құран оқып, нан ауыз тиіңдер.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Ақша шашудың артында атақ тұр, абырой жатыр. Ал, сонда шамасы жоқтар өрттей қаулайтын өсекке қалуы керек пе? Жұрттың әңгімесі жұпыны дастархан, жұтым ас жайлы болады. Табақ ет таратпады деп пыш-пыштайды. Міне, қоғамымыз осыдан қорқатындай. Демек, халық ішінде қалыптасқан фальш осы, фобия да осы.

Жамбыл облысының имамдары қазаға байланысты қанға сіңген дарақылықты доғару керек дейді. Тыраштануды тыю тақырыбында Жамбылдағы барлық аудан имамдарының бас қосуы осыған дәлел.

-Жаназа ол той емес. Жаназа ол – қайғы. Қазалы дастарқан. Халыққа соны айту керек. Өздеріңізден бастау керексіздер.

 Жамбылда жасалып жатқан жұмыстардан шымкенттіктер де шет қалып жатқан жоқ. Олар тіпті тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бірінші болып бастап кеткен. Қаза шыққан үйден қазан көтермеуді насихат қылған.

-Қалай қарайсыздар ағайындар?- Қолдаймыз, қолдаймыз. Жүрген жерімізде айтып жүрейік. Барымызды шаша бермейік.

 Қызылорда халқы қазірден жаназа ысырабын азайтқан. Өйткені, тұрғындары алдымен мешітпен ақылдасады. Ал, жаназа дастарқаны мешіт қасындағы асханаларда өтеді. Сыр елі барлық өңір осылай жасаса дегенді ұсынып отыр.

Талғат Омаров, ҚМДБ Қызылорда облысы бойынша өкілі:

Асты осы мешіттің қасында орналасқан асханалардан беретін болса ысырап азаяр еді.

Солтүстік Қазақстан облысында ысырапты болдырмау бойынша бастама қаңтарда басталды. Жаназада жайылатын жалпыға ортақ ас мәзірі бар. Ендеше дастарқанға қандай дәм түрлері қойылу керек?

Қасымхан Абдоллаұлы, Қызылжар орталық мешітінің наиб-имамы:

Шай дастарқанында сол қарапайым қантын, кәмпитін және де құрмасын, сол сияқты печенье, сарымай, бауырсағы қойылса жеткілікті.

Ал, дастарқан мәзіріне қанша қаражат жұмсалуы тиіс? Оның да прайс-парағы дайын.

Қасымхан Абдоллаұлы, Қызылжар орталық мешітінің наиб-имамы:

Ысырапшылдық, қойылатын нәрсенің бәрін қоятын болсақ, ол 15-20 мың теңгенің көлемінде кетеді екен, бір дастарқанға. Біздің ұсынып отырғанымыз жай ғана 2-3 мың теңгенің дастарқаны.

Қостанай жері наурыз айында аймақтық «Ақсақалдар форумын» өткізбек. Онда олар ас беру мәзірін бірізділікке түсірмек. Ереже бекітпек.

Бұл сұлтанның сәулетті сарайы емес. Мешіт не медресенің ғимараты емес. Күмбезін күн сүйген кереметіңіз марқұм болған мұсылманға қойылған қорған. Мұны өліге қойылған ескерткіш дегеннен гөрі, тірінің мал шашпақ әрекетіне қойылған ескерткіш десек болатындай.

Данияр Жұмабаев, Жамбыл облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің бас имамы:

Мазар тұрғызу, күмбез салу, керемет, үлкен мүсінін жасап, қымбат-қымбат тастарға қаражат жұмсау... Сол қаражат одан да халықтың игілігіне жаратылса, балабақша салса, мешіт салса.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Жаназа дастарқанын жасаудан жарыс боп жатқандай әсер қалдырады. Бұл тақырыпта көрпеңе қарай көсіл десең... ол да болмайды. Өйткені байлықты көрсетуде бәйге боп кетері анық. Бүгінгі жаназа жарлының жалғыз атын сойғызып жатыр. Бірақ кедейшілік есіктен кіргенде иман терезеден қашпауы керек. Қалай десек те, өлім бізді ысырапшылдыққа тәрбиелемеуі тиіс.

Данияр Әлімқұл, Эльдар Байділдә «Біздің уақыт».