$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Эболадан қауіп бар: ДСМ ескерту жасады

05.06.2026ж. 11:12
Эболадан қауіп бар: ДСМ ескерту жасады
Фото: pixabay

Қазақстан Эбола вирусына байланысты шекараны жаппайды. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы мәлімдеді.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан халқы үшін қауіп деңгейі төмен деп бағаланып отыр. Дегенмен халықаралық сапарлардың белсенділігі жағдайында инфекцияның сырттан келу ықтималдығын толық жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан әлемдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты бақылауда.

«Мұнда қосымша шектеулер енгізу туралы емес, елде тұрақты түрде жұмыс істеп тұрған дайындық тетіктерінің қызметі туралы сөз болып отыр», – деп атап өтті орталықта.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше жағдай жариялағаннан кейін Денсаулық сақтау министрлігі қолайсыз өңірлерден келетін азаматтарға қатысты эпидемиологиялық бақылауды күшейтті.

Сонымен қатар мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде санитариялық-карантиндік бақылау тұрақты түрде жүргізіледі және бұл тек Эбола індетіне ғана байланысты шара емес. Барлық халықаралық рейстер тәулік бойы байланыссыз термометриялық тексеруден өтеді. Санитариялық-карантиндік бақылау мамандары қолданыстағы талаптарға сәйкес әрбір келген рейсті қарсы алады.

Қазақстанның ұстанымы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына толық сәйкес келеді. Қазіргі Эбола індетіне байланысты ДДСҰ халықаралық сапарларға немесе саудаға шектеу енгізуді ұсынбайды.

«Мемлекеттердің негізгі міндеті – шекараны жабу емес, денсаулық сақтау жүйесінің ықтимал ауру жағдайларын дер кезінде анықтауға, науқастарды оқшаулауға және қажетті эпидемияға қарсы шараларды жүргізуге дайын болуын қамтамасыз ету. Қазақстан мен ауру тіркелген елдер арасында тікелей әуе қатынасының болмауы инфекцияның елге келу қаупін қосымша төмендетеді», – деп атап өтті ұйым өкілдері.

Мамандардың пікірінше, қазіргі уақытта халықтың алаңдауына негіз жоқ. Дегенмен бұл жағдай жаһандық эпидемиологиялық бақылаудың маңызын және шетелге сапар кезінде алдын алу шараларын сақтаудың қажеттігін тағы бір рет көрсетіп отыр.