$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Павлодар облысында полицейлер бірнеше күн құдықта қалған итті аман алып шықты

Павлодар облысында полицейлер бірнеше күн құдықта қалған итті аман алып шықты
Polisia.kz.

Павлодар облысында полицейлер қараусыз қалған құдықтан итті құтқарып қалды.

Тәртіп сақшылары Мұғамар Ғұбайдолла мен Жарқын Жамашовтың күнделікті патрульдік қызметі күтпеген құтқару операциясына ұласты. Тәртіп сақшыларының қырағылығы мен жанашырлығының арқасында бірнеше күн бойы жер астындағы тұзақта қалған әлсіреген ит аман-есен құтқарылды. Елдімекен аумағын патрульдеу барысында Жарқын Жамашовтың назарын әлсіз қыңсылаған дыбыс аударады. Дыбыс шыққан бағытқа құлақ түрген ол арамшөп басқан қараусыз жерден көмек сұрағандай үн естиді. Оқиға орнына жақындаған полицейлер суға толған ескі құдықты байқайды. Оның ішінде қатты қорқып, әбден әлсіреген ит тұр еді. Төрт аяқты жануардың үруге де шамасы келмей, жоғарыға жәутеңдей қарап, үнсіз көмек күтіп тұрғаны байқалды. Жағдайды жедел бағалаған полицейлер уақыт жоғалтуға болмайтынын түсінді. Үрей мен күйзеліс салдарынан жануар агрессия танытуы мүмкін болғандықтан, құтқару жұмыстары аса сақтықпен жүргізілді. Алайда ит өзін құтқаруға келген жандарға сенім артқандай сабыр сақтады. Полицей жануарды тыныштандырып, қарғыбауынан мықтап ұстап, абайлап жоғары көтеріп шығарды. Бостандыққа шыққан төрт аяқты дос бірден жүгіріп кетсе де, ара-тұра артына бұрылып қарап, құйрығын бұлғап, өз құтқарушыларына шынайы ризашылығын білдіргендей әсер қалдырды. Қызметкерлер иттің жағдайын тексеріп шықты. Қуанышқа қарай, құдыққа құлаған кезде оның сүйектері сынбаған және ауыр жарақат алмағаны анықталды.