$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Атырау облысындағы егіс алқаптарының үштен екісінен астамында су үнемдеу технологиялары қолданылып жатыр

Атырау облысындағы егіс алқаптарының үштен екісінен астамында су үнемдеу технологиялары қолданылып жатыр
Су ресурстары министрлігі

Атырау облысында 10,1 мың гектар аумақта жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері пайдаланылуда. Бұл - өңірдегі жалпы егіс алқабының үштен екісінен астамы. Биыл су үнемдеу технологиялары қосымша 800 гектар жерге енгізілді.

Атырау облысына жұмыс сапары кезінде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жаңбырлатып суару машиналарын өндіруге маманданған «KazGrow Irrigation Systems» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Кәсіпорында шамамен 50 адам еңбек етеді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 100-150 жаңбырлатып суару машинасын шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жыл сайын 8-10 мың гектар алқапты суарумен қамтуға жағдай жасайды.
 

«Жыл сайын су үнемдеу технологиялары қолжетімді болып келеді. Заманауи жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын жаңа зауыттар салынып жатыр. Мемлекет өз тарапынан бұл технологияларды енгізуді ынталандыруға бағытталған қолдау шараларын жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, шаруалардың су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар суару суына берілетін субсидиялар сараланған тәртіппен төленеді: су үнемдеу технологияларын қолданған жағдайда субсидия көлемі 85%-ға дейін жетеді. 2026-2028 жылдары су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсалатын шығындарды инвестициялық субсидиялауға 214,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл алдыңғы үш жылдың қаржыландыру көлемінен төрт есе көп. Қазіргі таңда заманауи суару жүйелеріне көшу үшін барлық жағдай жасалып жатыр»,- деді Нұржан Нұржігітов.




«KazGrow Irrigation Systems» компаниясының өнімдерін пайдаланатын шаруашылықтардың бірі - Махамбет ауданындағы «КазАгроНово» шаруа қожалығы. Мұнда тамшылатып суару жүйелері қолданылып, жаңбырлатып суару қондырғылары енгізілуде. Қазіргі уақытта жаңа жүйелерді іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«КазАгроНово» шаруа қожалығы су үнемдеу технологияларын қолдана отырып ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіргені үшін мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланып, субсидиялар мен жеңілдетілген дизель отынын алады.
 

«Биыл сәбіз, пияз, қырыққабат және қызылша өсіріп жатырмыз. Өнімімізді Атырау қаласы мен облыс аудандарына жеткіземіз. Бес жылдан бері тамшылатып суару технологиясын пайдаланып келеміз және мемлекеттік субсидия алып отырмыз. Қазір жаңбырлатып суару жүйелерін енгізудеміз, олар да субсидияланады. Бұл технологиялар су ресурстарын тиімді пайдалануға және еңбек шығындарын азайтуға мүмкіндік береді»– деді «КазАгроНово» шаруа қожалығының механизаторы Владимир Сон.



Индер ауданында Нұржан Нұржігітов ұзындығы шамамен 52 шақырым болатын «Құрайлы сай» каналын реконструкциялау жұмыстарымен танысты. Жоба аясында каналды механикалық тазарту, көпірлерді жөндеу, құбырлар тарту, мал суаратын орындар мен шлюз-регулятор орнату, гидробекет салу, сондай-ақ сорғы станциясындағы электр желілері мен жабдықтарды жаңарту жұмыстары көзделген.

Жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Каналды реконструкциялау нәтижесінде 48 мың гектар жерге су жеткізу сапасы жақсарып, Атырау облысында суармалы егіншілік пен мал шаруашылығының дамуына серпін береді.