$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алтынкөз барысы фототұзаққа түсіп қалды

07.06.2026ж. 19:39
Алтынкөз барысы фототұзаққа түсіп қалды
Фото: Биоалуантүрлілікті зерттеу және сақтау орталығы

Маңғыстау облысындағы Үстірт мемлекеттік табиғи қорығында жойылып кету қаупі бар алдыңғыазиялық барыс қайта тіркелді. Алтынкөз лақап аты берілген жыртқыш соңғы айларда жүздеген шақырым жүріп өтіп, фототұзақтарға бірнеше рет түсіп қалған.

Биоалуантүрлілікті зерттеу және сақтау орталығының мәліметінше, сирек кездесетін барыс наурыз және мамыр айларында Үстірт қорығындағы фототұзақтарға түскен.

Сонымен қатар сәуір айында дәл осы жыртқыш болуы мүмкін аң Қызылсай табиғи паркінде байқалған. Сол кезде парк қызметкерлері оны ұялы телефон камерасына түсіріп үлгерген.

Мамандардың айтуынша, Алтынкөз бірнеше ай ішінде кем дегенде 450 шақырым қашықтықты жүріп өткен.

Ол Үстірт қорығынан Қызылсайға дейін барып, кейін қайта оралған. Сарапшылар мұндай бағытты жыртқыштың былтыр да қайталағанын атап отыр.

Мамандардың пікірінше, барыстың ұзақ сапарлары аналық дарақты іздеумен байланысты болуы мүмкін.

Алайда әзірге бұл әрекеттер нәтиже бермеген. Себебі аналық алдыңғыазиялық барыстар әдетте мұндай ұзақ қашықтыққа көшіп-қонбайды.

Қазіргі уақытқа дейін Үстірттің Қазақстан аумағында аналық барыстың тіркелгені жөнінде нақты дерек жоқ.

Алдыңғыазиялық барыс Қазақстанның Қызыл кітабына 2021 жылы енгізілген.

Мамандардың дерегіне сәйкес, 2007-2023 жылдар аралығында еліміз аумағында осы түрге жататын кемінде төрт дарақтың болғаны расталған.

Қазақстанда бұл жыртқыштың тұрақты популяциясы жоқ. Ғалымдардың пайымдауынша, барыстар Маңғыстау өңіріне көршілес Түрікменстаннан келіп тұрады.

Бүгінде алдыңғыазиялық барыс әлемдегі ең сирек жыртқыштардың бірі саналады. Сарапшылар оның жаһандық саны шамамен 1 мыңнан 3 мыңға дейін ғана жететінін айтады