$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында полицейлер 16 жастағы баланы ағасын өлтірді деген күдікпен қамап тастады

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында полицейлер 16 жастағы баланы ағасын өлтірді деген күдікпен қамап тастады

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғыны 16 жастағы ұлының бауырын өлтірмегенін айтып шырылдап отыр. Айтуларынша, 30 мамыр күні 20 жастағы Мейіржан Рүстемді әлдекім өлтіріп, денесін көшедегі құдыққа тастап кеткен. Полицейлер ауыр қылмысты үйдің кенжесі жасағанына күдіктеніп қамап тастапты. Қара жамылған отбасы ұлының кінәсіздігін айтып араша сұрап отыр. СЮЖЕТ

Мейіржан Рүстем 4 ұлдың екіншісі. Ол көз жұмардан алдын 2 күн қатарынан үйіне ұры түсіп, азын аулақ қаражат жоғалыпты. Отбасылық кәсіптерін дөңгелетіп отырған жандар ұрыны өздері бақылап көрмек болған. Сол мақсатта Мейіржан есік алдына төсек салып ұйықтаған екен. Ал таңда ұлдарының ізін де таппай қалған. Арада 2 күн өткенде асқан қатігездікпен өлтірілген мәйіті орталықтандырылған су жүйесінің құдығынан табылған. 

КЕНЖЕ ДҮЙСЕКЕЕВА, ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бірінші 1 жіппен қылқындырған. Ол батып кеткен. Екінші тағы бір жіп, үшінші жіпті түйме болады ғой. Соның көзіне іліп тұрып үшінші рет қылқындырған дейді да. Мен шырылдаймын ғой. 15 жасар бала істесе қолында қалмайды ма бір қиындылар. РОВД-ның адамы келіп есігімізді қаққан жоқ. Ақша, ұрлық қай жерде болды, бала қай жерде өлді жоқ.

Қара жамылған отбасының айтуынша, аталмыш іс бойынша алғашында күдікті ретінде әкесі қамауға алынған. Ешбір дәлел болмаған соң босатылып, күдік кенже ұлға ауыпты. Қаршадай ғана жасөспірімнің ауыр қылмыс жасағаны санаға сыймайды дейді  ата-анасы. Не де болса бәлінің барлығы үйдегі қаражатқа көз тігіп жүргендерден келді деп отыр. Алайда, құқық қорғаушылардың әрекеті оларды  ашуын тудыруда.

ҒАНИ ЖҰПАРБАЕВ, ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Дәлел бар ма, жоқ па оны да айтпайды. Әйтеуір қамап мойындарына, 5 сағат қорқытады әке-шешесінсіз. Балам қазір не болып жатқанын. Тек үйден іздеп жатыр. Мен өзімнің баламды қайтіп өлтіремін. Ал кішкентай 15 жасар бала мынадай-ақ, қазір көрсеңіздер. Шамасы да жетпейді ғой. Көтере де алмайды ол бала, іләкәр. Кішкентай қаршадай балаға іліп жібермесе, мына полиция қызметкерлерінен қорқайын дедім.

Полиция департаменті аталмыш іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

АСЫЛБЕК БЕКСЕЙТОВ, ОПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән –жайы жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп тексеру әрекеттері жүргізілуде. Барлық тергеу әрекеттері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырлуда. Тергеу  мүддесіне байланысты өзге ақпараттар жария етілмейді.

Бір ұлын жер қойнына тапсырған отбасы екіншісінен тірідей айырылып қаламызба деп алаңдап отыр. Сондықтан істің әділ, әрі жан-жақты зерделенгенін қалайды.