Батыс Қазақстан облысындағы Байқоныс ауылының тұрғындары елге індет тарай ма деп алаңдаулы. Өйткені ауыл маңындағы қоқыстан қан құйылған түтікшелер мен шприцтер табылыпты. Адам мен сиыр қаны құйылған ыдыстар, дәке секілді медициналық материалдар ашық аспан астында, өзеннің қасында иесіз жатқан. Мұндай қалдықтарды арнайы мекеме жинап, жоюы тиіс. Ал бұлай далаға лақтыру адам ғана емес, қоршаған орта үшін де аса қауіпті. Мамандар бұл қалдықтарды медициналық қоқысты жинап-жоюға лицензиясы бар ұйым тастауы мүмкін деген жорамалды жоққа шығармайды. Қазір жауапты қызметтер өрескел заңбұзушылыққа кім жол бергенін анықтап жатыр.
ГҮЛДАНА КЕРЕЕВА, БҚО САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біздің басқарма микробиологиялық және санитарлық-химиялық зерттеу жүргізу үшін экология департаментімен бірлесіп, топырақтан сынама алды. Нәтижесі 3-7 күн ішінде шығады. Сондай-ақ медициналық қалдықтар төгілген жерде құрамында хлоры бар препараттармен зарарсыздандыру шараларын жүргіздік.