Иран мен Израиль соғысы қайта басталып кетті. Демалыс күндері онсыз да Хезболламен арпалысып отырған елге Иран да баллистикалық зымырандар мен дрондарын жаудырды. Трамп болса, кенеттен бітімгер болып кетті. Қос тарапты соғысты дереу тоқтиату керек, - деп сабырға шақырды. Батыстық басылымдар Трамп пен нетаньяху бір-біріне ашуланып, араздасып қалды деген хабар таратуда. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Иран-Израиль соғысы қайта басталды. Бүкіл демалыс күндері Иран кенеттен Израиль қалаларына соққы жасады. Баллистикалық зымырандар, тіпті, Палестина жеріне де құлады. Әзірге қаза тапқандар мен жараланғандар туралы ресми ақпарат таралмады. Артынша, Израиль де қарымта қайтара бастады. Осыдан кейін, әдетте Израильмен иық тіресе соғысатын АҚШ Президенті тараптарды бітімге шақырумен әлек болды.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Екі ел дереу атысты тоқтатуы керек. Ешбір соғыс дипломатияны алмастыра алмайды. Әсіресе, менің осы Таяу Шығысты тұрақтандыру жолындағы еңбегімнің еш кетуіне жол бере алмаймын. Одан да, бар проблеманы келіссөз арқылы шешу керек.
Батыс басылымдарының ақпаратына сүйенсек, тура сол кезде Биньямин Нетаньяху мен Дональд Трамп арасында үлкен жанжал басталған. Бұл туралы Трамптың берген сұхбатынан да түсінуге болатын секілді. Себебі, тарихта алғаш рет жақын досы әрі одақтасын жерден алып, жерге салған.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен Нетаньяхуға жауап ретінде Иранға соққы жасамауды бұйырдым. Сұрап, өтінген жоқпын. Бұйырдым. Себебі, мен оған бұйрық беремін. Ол өздігінен ештеңе де шеше алмайды. Нетаньяху маған бағынышты. Менің қолшоқпарым. Айтқанымды істемесе, оның сазайын тарттырамын.
Сендер Еуропаны мигранттардың жаулауына жол беріп қойдыңдар. Өз мәдениеттерің мен діндеріңнен жақын арада айырыласыңдар. Кәрі Құрлық бұрынғыдай болмайды. АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет Францияда Нормандияға десанттық шабуылдың еске алу жиынында әріптестеріне айтпағаны қалмады.
ПИТ ХЕГСЕТ, АҚШ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:
Біз 1944 жылы жүргізген «Оверлорд» операциясы болмаса, әлем қазіргідей болмас еді. Еуропа елдеріне де, бүкіл әлемге де дәл АҚШ бостандық сыйлағанын ұмытпағандарыңыз абзал. Бірақ, Кәрі құрлық мемлекеттерінен ондай ой қазір байқалмайды. Еуропа өз дәстүрлерін ұмыт қалдырып жатыр. Жағажайлар мен қалаларда ақ нәсілді еуропалықты көре алмайсыз. Тас лақтырсаңыз радикалды Ислам өкілдері мен өзге ұлт өкілдеріне тиеді. Бірер жылда, түп-тамырларыңызбен құрып кетесіздер.
Соғысқа қарамастан Иран құрамасы Әлем чемпионатына аттанды. Мундиальдағы бүкіл ойындарын АҚШ аумағында өткізуі тиіс команданың дайындық процессі өзгеріске ұшырайды. Себебі, Ұлттық құрама әр матчтан кейін АҚШ аумағынан шығып кетуі керек болады. Сол үшін жаттығу базасы да Мексикаға ауыстырылды.