$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Тасқыннан зардап шеккендерге үй тұрғызған құрылыс компаниялары әкімдіктен ақша дауламақ

AstanaTV
18.02.2016ж. 20:00
1982
Тасқыннан зардап шеккендерге үй тұрғызған құрылыс компаниялары әкімдіктен ақша дауламақ

Қарағанды облысында тасқыннан зардап шеккендерге үй салып берген 8 құрылыс компаниясы әкімдікті сотқа бермек. Олар жергілікті билік 300 миллион теңге қарыз деп отыр. Республикалық бюджеттен бөлінген қаражат мерзімінде түспеген соң, құрылысшылар үйді өз ақшаларына тұрғызған. Алайда, әр шаршы метрдің бағасын әкімдікпен ауызша келіскен құрылысшылар, ақымызды 30 пайызға кем алдық деп, шағымданды. Кім кімге қарыз? Айжан Қуаш анықтап көрді. 

Былтыр көктемгі су тасқынынан кейін шенеуніктер, үйсіз қалған ауылдықтарға тез арада баспана тұрғызу үшін, облыстың 80-ге жуық құрылыс компаниясын жұмысқа тартты. Оларға 360-тай жаңа баспана салу жүктелді. Кәсіпкерлер мамыр айында өз қаражаттарына тездетіп үй салуға кіріскен. Ал жұмсалған сомма, шілденің аяғы мен тамыздың басында бюджеттен қаржы бөлінген соң, құрылысшыларға қайтарылып берілуі тиіс еді. Осылайша, екі жақ баспананың әр шаршы метрі 120-130 мың теңгеге бағаланады деп ауызша уағдаласқан. Бірақ арада ресми келісімшарт болмаған.

Найля Қайырбекова, Қарағанды облыстық құрылысшылар қауымдастығының директоры:

Жұмыс басталар кезінде келісілген 130 мың дейік, ақша мен келісімшартқа, сметаға қол қойылған 80 мыңның арасы бірталай. Әрбір компанияның шығынданған сомалары 30-40 млн боп шықты. Бұл спонсорлық көмекке жататын ақша емес.

Айтпақшы, Ғабиден Мұстафин кентіндегі үйлердің кәріз құбырларын құрылысшылар тегін тартып берген. Ең көп шығынға ұшыраған да осы 8 мекеме. Олар аталған елді мекенге 2 жүзден астам жаңа үй салған. Енді шығындарды толық қайтаруды талап етіп отыр. Егер, шенеуніктер әу баста ескертсе, көрпеге қарай көсілетін едік дейді олар. Алайда, жергілікті билік өкілдері кәсіпкерлерге бір тиын да қарыз емеспіз деген уәж айтты.

Жан Мырзағали, Қарағанды облыстық құрылыс басқармасы директорының орынбасары:

Олар, мүмкін, 130-120 мың деп ойлаған болар, 1 кв метрге саналады деп. Бірақ қаулы бойынша біз оларға 90 мың теңгеден 1 кв метрге төледік. Келісімшарт бойынша құрылысшыларға бүкіл ақша төленген. Бүгінгі күнге біз олардың алдында ешқандай қарыз емеспіз.

Кәсіпкерлер, мұндай жағдай қайталанбас үшін төтенше жағдайларда қосымша қаражат халыққа тез жетуі тиіс, деп есептейді. Өйткені бар мәселе республикалық бюджеттен ақшаның тым кеш, яғни құрылыс аяқталған соң бөлінуінде. Сол себепті заңды келісімшарт та кеш жасалған. Ол кезде бюджеттен 3 млрд 10 млн теңге бөлінген еді.

Болат Құсайынов, Қарағанды қаласы құрылыс компаниясының бас инженері:

Алғаш құрылыс басталған кезде қаржы түспеген соң, келісімшарт та жасалмады. Ешқандай баға, ақша туралы заңды келісімшарт жоқ еді. Сондықтан үйлерді өз ақшамызға сала бастадық. Кейін 1 шаршы метрі 90 мың теңге шамасында бағаланып, төленді. Елге көмектескеніміз жақсы, әрине, бірақ, пайда таппағанымыз анық.

Айжан Қуаш, тілші:

8 компания, қазір құрылысқа бюджеттен берілген қаржыдан әлдеқайда көп ақша жұмсалғанын дәлелдеу үшін, құжаттар жинауға кірісті. Алайда, келісімшартта нақты сомма көрсетілмегендіктен, оны растау қиын бола ма деп қауіптенеді. Десе де, құрылысшылар жуық арада сотқа шағымданып, келтірілген шығынды өндіріп алуға тырыспақ.

Айжан ҚУАШ