$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Батыс Қазақстанда үш жасөспірім суға кетіп қалды

10.06.2026ж. 00:50
Батыс Қазақстанда үш жасөспірім суға кетіп қалды
Фото: ашық дереккөз

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылы маңындағы Сарыөзенде қайғылы оқиға болды.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 9 маусым күні кешкісін сағат 18.25-те аудандық полиция бөлімінен 2009 жылғы екі және 2008 жылғы бір жасөспірімнің арнайы жабдықталмаған әрі шомылуға арналмаған жерде суға түсу кезінде батып кеткені туралы хабар түскен. 

Аталған аумақта суға түсуге тыйым салынғаны туралы ескерту белгісі орнатылған.

- Оқиға орнына Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің күш-құралдары жедел түрде жіберілді. Алайда ТЖМ бөлімшелері жеткенге дейін қаза болғандардың денелері жергілікті тұрғындардың күшімен судан шығарылды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталу үстінде. ТЖМ арнайы жабдықталмаған және шомылуға арналмаған жерлерде суға түсу адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін еске салады. Су айдындарында тек ресми түрде рұқсат етілген орындарды таңдау қажет. Қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, балаларды қараусыз қалдырмау маңызды, - деп хабарлады ведомстводан.

Жасөспірімнің үшеуі де – биылғы мектеп түлектері.