Петропавл қаласында патрульдік полиция қызметкерлері алкогольдік масаң күйде көлік басқарған жүргізушіні анықтады. Құқық бұзушылық фактісі полицейдің бейнежетонына жазылып, жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Биылғы жылдың бес айында Солтүстік Қазақстан облысында масаң күйде көлік басқарған жүргізушілердің кінәсінен болған жол-көлік оқиғаларында бір адам қаза тауып, тағы 10 адам түрлі дене жарақатын алды. Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында полицейлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың жолын кесу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Соған қарамастан, кейбір жүргізушілер спирттік ішімдік ішкеннен кейін рөлге отыруын тоқтатар емес. Мұндай құқық бұзушылықтар аудандарда да, көлік қозғалысы қарқынды облыс орталығында да тіркелуде. Мәселен, Петропавл қаласындағы Н.Назарбаев көшесінде патрульдік полиция қызметкерлері "Chery" автокөлігін тоқтатты. Көлік тізгінінде болған 44 жастағы қала тұрғынынан алкогольдің иісі сезілген. Медициналық куәландыру нәтижесі оның алкогольдік масаң күйде болғанын растады. Аталған құқық бұзушылық патрульдік полиция қызметкерінің бейнежетонына жазылып алынды. Жүргізушіге қатысты тиісті әкімшілік материалдар рәсімделді. Мұндай деректер өңірде жиі кездеседі. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін 477 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл күн сайын орта есеппен үштен астам жүргізушінің өз өміріне ғана емес, өзге жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне де қауіп төндіріп отырғанын көрсетеді. Тәртіп сақшылары барлық жүргізушілер мен жол қозғалысына қатысушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және көлік құралын масаң күйде басқаруға жол бермеуге шақырады.