Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіру, қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мақұлданды.
Заңы қорғаныс, әскери қызмет, халықаралық әскери ынтымақтастық және әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.
- Заңмен шет елдердегі әскери өкіл аппараттарының құқықтық мәртебесі мен қаржыландыру тәртібі нақтыланады, сондай-ақ онда қызмет атқаратын әскери қызметшілердің лауазымдары дипломатиялық қызмет қызметкерлеріне теңестіріледі. Арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, жоғары лауазымдарға іріктеу кезінде әскери қызметшілердің цифрлық рейтингі енгізіледі. Әскери қызметшілердің әлеуметтік және құқықтық қорғалуын күшейту мақсатында төтенше жағдайларды жоюға, терроризмге қарсы операцияларға және төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге қатысқан Қарулы Күштер мен Шекара қызметі әскери қызметшілеріне үш есе мөлшерде ақшалай төлем қарастырылған, - деді сенатор Алишер Сатвалдиев.
Сонымен қатар, әскери қызметтен босату туралы шешімдерге шағымдану мерзімдері мен тәртіптік жазаларды қолданудың шекті мерзімдері айқындалады. Заң әскери қызмет өткеру тәртібін де жетілдіреді. Атап айтқанда, еңбек сіңірген жылдары 25 жылдан асқан әскери қызметшілерге өз қалауы бойынша қызметтен шығу құқығы беріледі.
- Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін офицердің қызмет ету мерзіміне бала үш жасқа толғанға дейін оның бала күтіміне байланысты демалыста болу кезеңі есептелмейді. Бұл уақыт кезеңі еңбек сіңірген жылдарына есептеледі. Бұдан бөлек, БҰҰ-дан бітімгершілік миссияларға қатысатын әскери қызметшілер үшін бөлінетін қаражатты тікелей аудару тетігі енгізіледі. Сондай-ақ әскери және қосарланған мақсаттағы тауарларға баға белгілеу қағидаларын бекіту жөніндегі қайталанатын норма алынып тасталады, - деді депутат.