$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жетісу облысында көші-қон заңнамасын бұзудың 300-ден астам дерегі анықталды

Жетісу облысында көші-қон заңнамасын бұзудың 300-ден астам дерегі анықталды
Polisia.kz

Жетісу облысының аумағында көші-қон заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауға бағытталған "Заңсыз-2026" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері көші-қон заңнамасын бұзудың 326 дерегін анықтады. Аталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі шетел азаматтарының Қазақстан Республикасында болу тәртібін сақтамауына қатысты. Атап айтқанда, елімізде болу қағидаларын бұзғаны үшін 228 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау және олардың Қазақстан аумағында болу тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін еліміздің 78 азаматына қатысты әкімшілік шаралар қабылданды. Бұдан бөлек, шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін 20 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімдерін орындау аясында 60 шетел азаматын Қазақстан Республикасының аумағынан шығарып жіберу бойынша жұмыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту фактісі бойынша бір қылмыстық іс тіркеліп, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Жедел-профилактикалық іс-шара барысында полиция қызметкерлері шетел азаматтары болуы ықтимал нысандарға, оның ішінде құрылыс алаңдарына, базарларға, жатақханаларға, шаруа қожалықтарына және басқа да орындарға тексеру жұмыстарын жүргізуде. Жетісу облысының полициясы Қазақстан Республикасының аумағында жүрген барлық азаматтар мен шетелдіктерге көші-қон заңнамасының талаптарын сақтау міндетті екенін еске салады. Бұл бағыттағы профилактикалық және бақылау шаралары алдағы уақытта да жалғасатын болады.