$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Сахна сыртындағы құпиялар және аншлаг жинаған премьера: Cirque du Soleil Алматыдағы OVO гастрольдерін бастады

Сахна сыртындағы құпиялар және аншлаг жинаған премьера: Cirque du Soleil Алматыдағы OVO гастрольдерін бастады

11 маусым күні Алматыда Cirque du Soleil ұсынған OVO шоуының көптен күткен премьерасы өтті. Дәл осы күні халықаралық шығармашылық топ алғаш рет БАҚ өкілдеріне әлемдегі ең танымал қойылымдардың бірінің сахна сыртындағы өмірін көрсетіп, ауқымды шоуға әртістер сахнаға шыққанға дейін қалай дайындалатынын таныстырды.

Алматы аңызға айналған цирк гастрольдерін қабылдаған Қазақстандағы екінші қала болды. Астанадағы сәтті қойылымдардан кейін шоу алғаш рет оңтүстік астана тұрғындарына Almaty Arena сахнасында ұсынылды.

Cirque Du Soleil ресми өкілі Жани Малле шоудың миссиясы мен Қазақстаннан алған әсері туралы айтып берді:

«Cirque du Soleil миссиясы – қиялға ерік беру, сезімдерге әсер ету және бүкіл әлемдегі адамдардың эмоцияларын ояту. Сондықтан біз үнемі жаңа аудиториялар мен жаңа елдерді іздейміз. OVO әлем бойынша 17 жылдан бері саяхаттап келеді және Қазақстан осы шоу тарихындағы 47-ел болды. Мен өз мансабымда 80-ге жуық елде болдым, бірақ Қазақстанға алғаш рет келуім. Біз Астана, Алматы сияқты әдемі қалаларды көрдік. Бірақ маған ең қатты ұнағаны – бұл адамдар, олар өте ашық, мейірімді және қонақжай. Дәл осындай кездесулер сапарды шынымен ерекше етеді».

 

Бельгиядан келген суретші Йорн де Лендар («Шегіртке» кейіпкері) Cirque Du Soleil циркіндегі жұмысы туралы айтты:

«Менен ең үлкен арманым туралы сұрағанда, мен әдетте қазір сол арманымда өмір сүріп жатырмын деп жауап беремін. Он жылдан бері мен Cirque du Soleil-де өнер көрсетіп келемін – бұл мен үшін шынымен жақсы көретін жұмыс. Мен өз мамандығым бойынша акробатпын және шоудың соңғы бөлігін ерекше жақсы көремін, онда біз динамикалық акробатикалық элементтерді орындаймыз және көрермендермен белсенді қарым-қатынас жасаймыз. Әр кеш сайын біз залдың керемет энергиясын сезінеміз және мен дәл осы сәттер үшін сахнаға шығамын».

 

Кешкі премьера алдында БАҚ өкілдері қойылымның сахна сыртындағы өмірімен танысып, дайындық процесінің бір бөлігін көруге мүмкіндік алды. Қонақтар әдетте көрермендерге көрсетілмейтін аймақтарды аралап, әртістердің, техникалық мамандардың, костюмерлер мен музыканттардың жұмысымен танысты, сондай-ақ кешкі қойылымға дайындық барысын тамашалады.

Сахна сыртында бір мезетте ондаған маман еңбек етеді. Әртістер қыздыру жаттығуларын жасап, соңғы дайындықтарын өткізсе, костюмерлер жүздеген сахналық образ элементтерін әзірлейді, ал техникалық команда жарық, дыбыс және күрделі акробатикалық құрылымдарды тексереді. Көрермен үшін шоу шымылдық ашылған сәттен басталғанымен, әр қойылымға дайындық күні бойы жалғасады.

Экскурсия барысында қонақтарға бірнеше акробатикалық нөмірдің дайындықтары да көрсетілді. Олардың қатарында аяқпен жонглерлік жасау, әуе торы, әуе белдіктеріндегі дуэт, акробатикалық жолақтағы динамикалық қозғалыстар, батут көмегімен қабырға бойымен жүгіру және «Әуе бесігі» атты топтық әуе нөмірі болды.

Кешке алматылықтар шоу премьерасын тамашалады. OVO қойылымы сахнада 17 жылдан бері көрсетіліп келеді. Осы уақыт ішінде оны әлемнің 50-ге жуық елінде 10 миллионнан астам көрермен көрген. 

«Бала кезімде анам мені циркке жиі апаратын және бұл әрқашан нағыз мереке болатын. Бүгін мен OVO-ға қызыммен бірге келдім және сахнаға қарағанда оның эмоцияларына жиі қарағанымды байқадым. Оның аузы ашылып, әр нөмірден кейін «уау» деп таңқалып отырғанын көріп, мен бұл кешті ұзақ уақыт есте сақтайтынымызды түсіндім. Бұл нағыз ұмытылмас естеліктер», – деді Алматы тұрғыны Зарина Әлімова.

 

Португал тілінен аударғанда «ovo» сөзі «жұмыртқа» деген мағынаны білдіреді. Дәл осы жұмбақ жұмыртқаның пайда болуы жәндіктер әлеміндегі басты оқиғаға айналып, оның тұрғындары арасындағы махаббат хикаясын көрсетеді.

Сахнада көбелектер, шегірткелер, өрмекшілер, құмырсқалар, қоңыздар және басқа да қиял-ғажайып микроәлем кейіпкерлері көрсетіледі. Шоу акробатика, театр, музыка, би және визуалды өнерді біріктіріп, жәндіктер әлемі туралы оқиғаны кез келген жастағы көрерменге арналған әсерлі көрініске айналдырады.

Әлем кубогының жеті дүркін иегері және Cirque Du Soleil әртісі Михаил Костянов («Шегіртке» кейіпкері) OVO неге отбасымен келгендерге ерекше ұнайтынын айтты:

«Мен Cirque du Soleil-ге акробатикалық секіру бойынша спорттық мансабымды аяқтағаннан кейін келдім және он жылдан бері осында өнер көрсетіп келемін. OVO – нағыз отбасылық шоу. Менің ойымша, мұндай қойылымдар балаларды спортпен шұғылдануға шабыттандырады, олар үшін өнер әлемін ашады және кем дегенде бірнеше сағат бойы телефондар мен гаджеттерден алшақтатуға мүмкіндік береді. Бұл біздің көрерменге бере алатын ең маңызды нәрселеріміздің бірі шығар».